Басты жаңалықтар
Сенатор Зәкіржан Кузиев Үкіметке неміс,ұйғыр, өзбек мектептеріне көңіл бөліп, жағдай жасау керектігін айтты
- автор kyn.kz
- 4 мамыр, 2023
- 296
Сенатор Зәкіржан Кузиев ұйғыр, өзбек, тәжік, неміс мектептерінде оқитын оқушылар оқулықтармен уақтылы қамтамасыз етілмей жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды "КҮН.КЗ" тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сенатор Зәкіржан Кузиев қазір Қазақстанда 6 900 мектеп барын, онда 3,5 млн бала оқып жатқанын айтады. Депутаттың сөзінше, солардың 208-і өзбек, ұйғыр, тәжік және неміс тіліндегі мектептер. Бұл мектептерде 100 мыңға жуық бала оқиды.
«Алматы, Жетісу облысының тұрғындарымен кездескен кезде осы мектептердің мәселесі көтерілді. Оның ішінде оқушыларға оқулықтың жетпей жатқаны айтылды.
Көп жылдан бері осы мектептердің 1-11 сынып аралығындағы оқушылары Оқу-ағарту министрлігінің тым кеш шығатын бұйрығына байланысты оқулықты уақытында ала алмай келеді. Оқулықтар жақсы кезде алғашқы тоқсанда, әйтпесе екінші тоқсанда бір-ақ жетеді», - дейді ол үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында.
Кузиевтің айтуынша, бұл факт білім сапасына кері әсер етеді, ата-аналар мен оқушылардың наразылығын туғызады. Айта кетерлігі, қазір елде оқушыларға оқулық дайындаумен 20 баспа айналысады.
«Алайда пәндер бойынша оқулықтарды әзірлеу үшін авторлық ұжымды қалыптастыру кадрлардың жетіспеушілігі салдарынан мүмкін болмай отыр. Бұл процедура көбірек уақытты талап етеді. Мұның салдарынан ұйғыр, өзбек, тәжік және неміс тілінде оқитын оқушыларға оқулық уақытында жетпей жатыр», - дейді ол.
Кузиев осылайша министрлік мәселені реттеудің жолын көрсетпей отырғанын айтады. Сөзінше, ведомство «уақыт пен кадр жоқ» деп шаруаны кейінге қалдырып келеді. Кузиев министрлік өзінің жеткілікті деңгейде құзыреті жетпейтінін көрсеткенін сынайды.
«Осыған байланысты өзбек, ұйғыр, тәжік және неміс тіліндегі оқулықтарды шығару уақытын оңтайландыру керек. Екіншіден, кітаптарды уақтылы шығарып, жеткізу жұмысын үйлестіру керек.
Өзбек, ұйғыр, тәжік және неміс тілінде оқитын оқушыларға оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлейтін тиісті мамандарды, филологтарды оқыту үшін грант бөлу қарастырылсын. Төртіншіден, Қазақстан этностарының тілі оқытылатын орындарды толыққанды оқулықтармен қамтамасыз етілсін», - дейді Кузиев.
Ұқсас жаңалықтар
Басты жаңалықтар
Сібір жарасы: Атырауда орталық базардың ет павильоны жабылды
- авторТомирис Тоныкөк
- 6 желтоқсан, 2024
Басты жаңалықтар
Келестегі анасы мен қызының өлімі: экс-мұғалімге сот үкімі шықты
- авторТомирис Тоныкөк
- 6 желтоқсан, 2024