Басты жаңалықтар
"Тек Алладан үміт үзбедім. Аяғымнан тұрғызшы деп жалындым": Мұрат Қожа екі жыл бойы белгісіз дертпен күрескенін айтты
- автор kyn.kz
- 5 мамыр, 2023
- 338
Мұрат Қожа: "Өлім мен өмір арасындағы арпалыс. Менің ауруымды ешкімге тілемеймін"
Көпшілікке "Лейла, Лейла қалқам-ай" әнімен танылған "Нұрлан мен Мұрат" дуэтінің, "Каспий" тобының бұрынғы мүшесі Мұрат Қожа біраз уақыт бойы сахнадан тасада болып, үлкен үзіліс алған себебін айтып, көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап берді, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
"Алла сүйікті құлдарын сынайды деген бар ғой. Соны ойлап, шүкіршілік етіп жатамыз. Алланың сүйіспеншілігіндегі адаммын деп, өзімді жұбатып, мақтанамын. Менің ауруымды ешкімге тілемеймін. Айтатындай зат емес, құдай сақтасын. Өте қатты нәрсе... Өлім мен өмір арасындағы арпалыс. Жеңе алмайтыныңды түсінетін аурулар болады ғой.
Менің ауруым - түсініксіз ауру. Не аяқ жасамайды, не қол жасамайды. Диагноз жоқ. Алматы мен Астанадағы барлық дәрігерге бардым. Ешкім білмейді. Ең соңында екі қолымды көтерген сияқты болдым. Осымен Аллаға ғана табыстаймын дедім. Карантин басталып жатқан кез, имамдарға хабарласып, ватсаппен дем салдырдым. Медицина көмектесе алған жоқ. Үмітім үзілді дейтін жаман ауру да емес. Адам түсінбейтін нәрсе болды. Тек Алладан үміт үзбедім. Аяғымнан тұрғызшы деп жалындым.
Үлкен сынақ, қатты сынақ болады. Қолыңа ештеңе ұстай алмау, аяғыңа тұра алмау... Алла көп нәрсені түсіндіру үшін осындай сынақ беретін шығар. Әр нәрсенің қадірін білуді үйреткен ауру болды. Достың, ағайынның, әйелің мен балаңның қандай екенін көрсетті. Бір аурумен бәрінің қадірін ұқтырды. Екі жыл ауырдым. Емі Алладан болды", - дейді Мұрат Қожа.
Сонымен қатар сұхбат барысында Мұрат Қожа өзінің негізгі мамандығы театр актері екендігін айтып, қазір Ақтау қаласындағы театрда әр түрлі образдарды сомдап, өнер көрсетіп жүргенін хабардар етті.