Басты жаңалықтар
Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін қандай көмек түрлері бар
- автор kyn.kz
- 13 мамыр, 2023
- 344
Көпбалалы аналарға берілетін жеңілдіктер мен көмек түрлері
Көпбалалы аналар үшін қандай жеңілдіктер және көмек қарастырылған?
Көпбалалы ана мен көпбалалы отбасыға кімдер жатады
Қазақстанда бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар "көпбалалы" саналады.
Ал 6 және одан көп баланы дүниеге әкелген әйелдер көпбалалы аналарға жатады. Алты баласы барлар "Күміс алқа", ал 7 не одан көп баласы барлар "Алтын алқа" алқасымен марапатталады.
Балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы
Сәби туғанда үйде отырған және жұмыс істейтін аналарға біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді:
бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 2023 жылы – 131 100 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 217 350 теңге.
Сонымен қатар бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайынғы жәрдемақы аударылады.
Жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтімі бойынша тағайындалатын жәрдемақының мөлшері:
бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;
екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге;
үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 30 705 теңге.
Декретке дейін жұмыс істеген аналардың бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы
2020 жылдан бастап Қазақстанда 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл ретте отбасының табысы есепке алынбайды.
Жәрдемақы бала санына қарай есептеледі:
4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;
5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге.
Наградталған ана
Биылдан бастап Қазақстанда "Наградталған ана" мәртебесі енгізіледі. Мұндай статус "Күміс алқа", "Алтын алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған әйелдерге беріледі.
"Алтын алқа" иегерлерінің жәрдемақысы
2023 жылғы 1 шілдеден бастап "Алтын алқа" алған, "Батыр ана" атағы бар, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға 7,4 АЕК немесе 25 530 теңге жәрдемақы төленеді.
Қазір көпбалалы аналарға ай сайын 6,4 АЕК немесе 22 080 теңге төленіп жүр.
Көпбалалы аналар зейнетке ерте шығады
Заңға сәйкес, 5 немесе одан көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар 53 жасында зейнетке шығады.
Көпбалалы аналарға берілетін жеңілдіктер
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған баспананы бірінші кезекте алуға құқылы.
Сонымен қатар "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар бірқатар салық пен баждан босатылған:
көлік салығы ("Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар – бір автокөлік бойынша);
тұрғын үй қоры иеленген жер учаскелері, ондағы құрылыстар мен ғимараттар бойынша салық ("Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқамен" наградталған көпбалалы аналар);
үй жанындағы жер учаскелері бойынша салық;
жеке тұлға мүлкіне салық ("Батыр ана" атағы бар, "Алтын алқамен" наградталған көпбалалы аналар АЕК мөлшерінің 1000 еселенген шегінде);
нотариалдық қызмет кезіндегі мемлекеттік баж ("Батыр Ана" атағы бар, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар – барлық нотариаттық әрекет бойынша);
зияткерлік меншік саласында уәкілетті мемлекеттік орган заңды маңызы бар әрекеттер жасаған кезде төленетін мемлекеттік баж ("Батыр Ана" атағы бар, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар).
Бұдан бөлек, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді. 2023 жылы көпбалалы аналар үшін сақтандыру қорына 4 505,6 теңге аударылады.
Көпбалалы аналар қоғамдық көлікпен тегін жүреді
"Алтын алқа", "Күміс алқамен" наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, бірінші және екінші дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар қалалық және қала маңына қатынайтын автобустарда тегін жүре алады.
Тегін автотұрақ
"Күміс алқа" және "Алтын алқа" иегерлері Астанадағы ақылы автотұрақтарға көлігін тегін қоя алады. Көпбалалы аналарға мұндай жеңілдік бастапқыда 3 жылға беріледі. Кейін мерзімін ұзарту үшін қайта құжат жинап, тапсыру қажет.
Жеңілдікке ие болу үшін Аstanapark.kz сайтына кіріп, онлайн өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған.
Көпбалалы аналардан қандай құжат талап етіледі:
үлгі бойынша толтырылған және қол қойылған өтініш;
жеке басын куәландыратын құжат;
көлікті мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (техникалық паспорт);
белгіленген үлгідегі куәлік.