Басты жаңалықтар
ҰБТ – 2023: грантқа құжат қабылдау қашан басталатыны белгілі болды
- автор kyn.kz
- 23 мамыр, 2023
- 437
Негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша талапкерлерден грантқа құжат қабылдау 13 шілдеде басталады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды "КҮН.КЗ" тілшісі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Негізгі ҰБТ 16 мамырда басталған болатын. Ерғалиев осы тестілеу нәтижесінде түлектер мемлекеттік грант конкурсына қатыса алатынын атап өтті. Оның айтуынша, биыл негізгі ҰБТ-ға 166 мың талапкер өтініш берген.
"Грантқа құжат қабылдау және иегерлер тізімін жариялау күндерінде биыл өзгерістер жоқ. Яғни 13-20 шілде аралығында грантқа құжат қабылдауды, ал грант иегерлерінің тізімін 10 тамызға дейін жариялауды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орындарына қабылдау әдеттегідей 25 тамызға дейін жүзеге асырылады", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ерғалиевтің айтуынша, биыл білім гранттарының жалпы саны 88 мыңды құрайды. Оның ішінде бакалавриат – 73 мың грант, магистратура – 13 мың, докторантура – 1890 грант.
"Барлық гранттың 60%-ы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінген. Сонымен қатар тығыз орналасқан, жаңа құрылған және батыс аймақтардағы жастар үшін арнайы гранттар қарастырылған. 2023 жылы өңірлік жоғары оқу орындарына бөлінетін педагогикалық квоталардың саны артты. Яғни 6280 грант бөлініп отыр", - деді вице-министр.
"Серпін" бағдарламасы бойынша 3653 грант бөлінген. Бұл ретте Ерғалиев биыл "Серпін" бағдарламасына екі өзгеріс енгізілгенін айтты.
Біріншісі, биылдан бастап бағдарламаны өтеу мерзімі қысқарды, бұрын үш жыл болса, қазір екі жылды құрайды. Екіншісі, енді жас мамандар тек оқыған өңірінде ғана емес, басқа да аймақтарда жұмыс істей алады.