Басты жаңалықтар
Мемлекет басшысы бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды
- автор kyn.kz
- 29 мамыр, 2023
- 344
Мемлекет басшысы көктемгі егіс науқанымен танысу үшін «Дайындық Агро» ЖШС-ға қарасты егістік алқабын аралап көрді, деп жазды KYN.KZ тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған шаруашылық дәнді, майлы дақылдар өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. Иелігінде 15,8 мың гектар егістік алқабы, 4,2 мың гектар жайылымдық жері бар. «Дайындық Агро» директоры Біржан Шәймерденов биыл бидайдың аустриялық «Тризо» сортын егіп, гектарынан 25 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтты.
Президентке көктемгі егіс науқанының барысы жөнінде мәлімет берілді. Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың айтуынша, егістік алқаптарын минералды тыңайтқыш жеткізу, көктемгі егіс жұмыстарына техника сайлау, диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету ісі жоспарға сай орындалып жатыр.
Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ Президент облыс басшылығына осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруды және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамытуды тапсырды.
Президент диқандардың экспорттық сұранысы жоғары дақылдарды өсіруге бейімделгенін атап өтіп, шаруалардың еңбегіне оң баға берді.
Мемлекет басшысы диқандардың көктемгі егіс науқанын сәтті атқаруына тілектестік білдірді.