Басты жаңалықтар
"9 бала анасыз қалды". Ақтөбе облысында жол апатынан мерт болған оралдық мұғалімдер туралы тың дерек шықты
- автор kyn.kz
- 3 маусым, 2023
- 436
Ақтөбе облысында болған жантүршігерлік жол көлік апатынан төрт мұғалім қайтыс болды. Олар Орал қаласындағы мектептерде сабақ берген - Гүлжайнат Қажғалиева, Айсұлу Тілектесова, Ақсамал Әдиева және Айгерім Гумарова.
Қазір тағы екі педагог пен ұстаздар отырған көлікті тізгіндеген такси жүргізушісі жансақтау бөлімінде жатыр. Мұғалімдер Оралдан Ақтөбеге емтихан тапсыруға барған екен. Ал полицейдер жол апатына такси жүргізушісі кінәлі болуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Жантүршігерлік жол апаты Ақтөбе облысындағы Өтек ауылының маңында болған. Көлік рөліне ие бола алмай қалған такси жүргізушісі жолаушыларымен бірге жүк көлігінің астына бір-ақ кірген, деп жазды КҮН.КЗ тілшісі Информбюро жаңалықтарына сілтеме жасап.
Жол апатынан қайтыс болған Гүлжайнат Қажғалиеваның жақындары оның өмірден өткеніне әлі сене алар емес. Суық хабарды естігенде абдырап қалдық дейді. Жас педагог Оралдағы нөмірі 47 орта мектебінде дефектолог маман болып 8 ай ғана істеген. Әріптестері оны адамға жақын, бауырмал жан еді дейді. Дүниеден жас кеткен педагогтың артында мектеп табалдырығын былтыр ғана аттаған баласы мен зар еңіреген анасы қалды. НҰРЛАН САТТЫҚОВ, Орал қаласы Қадыр Мырза Әлі атындағы № 47 орта мектеп директоры: – Отпускіге осы айдың соңында шығуы тиіс еді. Ақысыз еңбек демалысына жазды да. Себебі ұзақ жол жүретіндіктен міндетті түрде жазылады. Сол барып келетінін айтып кеткен.
Жол апатынан қайтыс болған Айсұлу Тілектесова, Ақсамал Әдиева, Айгерім Гумарова да дефектолог және сурдопедагог мамандар болған. Олардың бірі ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілгенімен жансақтау бөлімінде тілге келместен көз жұмған. 28 жастағы Айсұлу Тілектесова да басқа да әріптестерімен бірге мемлекеттік емтиханын тапсыруға шығып, диплом алуға дайындалып жүрген. Ол Оралдағы педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде ерекше балалармен жұмыс істеген. Тұрмыс құрып та үлгермеген жас қыз ісіне тиянақты, ұқыпты, балаларды жанындай сүйген еді дейді. МУНИРА ХАЙРУЛЛИНА, марқұм Айсұлу Тілектесованың әріптесі: – Қанша адам келіп кетіп жатыр. Қаншама жақсы мамандар жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде өте жұмысына ұқыпты, берік болған қыз. Сол енді мамандығымның дипломын аламын деп кеткен. Мынадай болады деп ешкім ойламаған.
Жоғарғы оқу орнының сырттай бөлімінде оқыған 6 педагог оқу жылы аяқталысымен сессияға барамыз деп, Оралдан Ақтөбеге бір көлікпен шыққан екен. Ал өмір үшін күресіп жатқан екі адамды Қобда аудандық ауруханасынан Ақтөбедегі облыстық ауруханаға ауыстыруға тура келіпті. Олардың бірнеше қабырғасы мен омыртқасы сынған. Бірінің иығы шығып кеткен дейді дәрігерлер. ҮМІТ ЖӘҢГІРОВА, БҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы: – Олар таксимен бара жатқан. Барлығы еңбек демалысында және еңбекақысы сақталмайтын демалыста болған. Сол 1 маусымнан бастап.+ Жол апатына ұшыраған барлық педагогтардың отбасында аудандық білім беру ұйымдары, мекемелері, аудандық және қалалық кәсіподақ тарапынан көмектер көрсетіліп жатыр. Полиция такси жүргізушісінің жүйткіп кеп, жол ережесін сақтамағанын айтады. Қазір бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғаған. ЕРКІН ӨТЕГЕН, Ақтөбе облысы әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы: – Самара-Шымкент тас жолының 594 шақырымында жол көлік оқиғасы орын алды. Яғни, «Ларгус» автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі арақашықтықты сақтамай, жылдамдықты асырып, Даф жүк көлігінің артынан соқтығысқан.
Ал жол көлік оқиғасына ұшыраған көлікке сыймай, басқа таксимен шыққан Толқын Ералиеваны періштесі қаққан екен.
Келесі мақала