Басты жаңалықтар
Актер Ерлан Біләл ұстазы Тұңғышбай Жаманқұловпен арасындағы дауға қатысты өз ақиқатын айтты
- автор kyn.kz
- 7 маусым, 2023
- 779
Тұңғышбай Жаманқұлов: Ерлан Біләл келіншегім Дәрияны экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан кешірім сұрауға мәжбүрледі
Танымал актер Ерлан Біләл ұстазы Тұңғышбай Жаманқұлов екеуінің арасындағы түсініспеушілікке байланысты өз шындығын El.kz ақпарат агенттігінің YouTube арнасындағы “Базарlike” бағдарламасында айтты, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
“Ол кісі менің ұстазым. Мен шамам келгенше ол кісіге араша түсуге тырыстым. “Аға, қойыңыз, тоқтаңыз, бұлай істемеңіз” деген сөздерімді, жанашырлығымды дұрыс түсінбеді. Біреудің айтуымен осылай айтты деп қабылдады. Өзі солай ойласа мен не істейін? Барынша ағам, ұстазым ретінде жақсылық жасауға тырыстым. Ал ол кісіге кім ақыл-кеңес берді, әлде өзі солай түсінді ме, білмеймін. Ол туралы айтпағаны да қалмады. Әлеуметтік желі, теледидар, газет-журнал бәріне айтардай-ақ айтты. Бірақ мен тайталасқым келмейді. Мен өзімнің пейілім, көңілім таза екенін білемін”, – дейді актер.
Сонымен қатар актер “Тұңғышбай Жаманқұловтың келіншегі Дәрияны экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан кешірім сұрауға мәжбүрледі” деген айыптауға да жауап берді.
“Соттың ісі болып бара жатты. Содан Дәрияға барып айтқаным рас. Бірақ мен оны мәжбүрлеген жоқпын. Қызыл тілге ерік берсеңіз неше түрліні айта береді ғой. Мен де айтар едім, бірақ айтқым келмейді. Артын қазып, шу қылғаннан ешкім береке таппайды. Қазір мен “ол былай болды, бүйткен де сөйткен” десем, ертең қаншама пікір туады. Оны бірі түсінсе, бірі түсінбейді. Қара нәрсемен алысқанша, адам жарыққа ұмтылу керек. Менің ұстанымым сол. Мені сол кісі оқытты, келіншегімен бірге оқыдық. Келіншегіне айтқаным рас. Өйткені ана кісі түрмеге кетіп бара жатты. Амал жасайық, тоқтатайық дегеніме кінәлі болып қалдым. Екеуіміз кездесіп қалып тұрамыз. Амандасамын, кейде қолымды алмай кетеді. Маған үй алып бердім дегені өтірік. Демеуші тауып үй алып берген Болат Атабаев”, – дейді Ерлан Біләл.
Ерлан Біләл ұстазымен татуласуға барлық амалдарды жасағанын да жасырмады. Алайда Жаманқұлов шәкіртінің әрекетіне ешқандай жауап қайтармаған.