Әр халықтың дәстүр-салты мен діни наным-сеніміне байланысты ырым-тыйымдары бар. Оқырман назарына қазақ халқындағы жолға қатысты тыйымдарды ұсынуды жөн көрдік, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
- Жолға шыққан жолаушы өзімен бірге сары май, тұз алып шықпайды. Мұның мәнісі - жолымда сарғайып, зарықпайын, тұздай ашты азап тартпайын деп ниет еткені.
- Ұзақ жолға түстен кейін аттанбайды, түнде сапар бастамайды.
- Жолдың үстіне күл төгуге тыйым салынады. Жолға күл төккеннің жолы кесіледі, осы жолмен жүргендерге дерт жабысады деп сенген.
- Келе жатқан көш жолын немесе керуен жолын кесіп өтуге қатаң тыйым салынады. Себебі көштің немесе керуеннің жолы кесіледі деседі.
- Жолда кездескен адамнан «қайда барасың?» деп сұрамайды.
- Аттылы жолаушы келсе, атын қазыққа байлап, содан соң ғана үйдің алдына келіп, үй иелерімен сөйлеседі. Егер асыққан жолаушы болса, аттан түспестен, киіз үйдің сыртынан сөйлеседі.
- Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды. Мұны астамшылдық немесе күпірлік деп санайды.
- Жұма күні көшуге болмайды. Жұма - қасиетті күн. Бұл күні ата-баба әруақтары шаңыраққа келіп, дұға дәметеді деген ырым бар.
- Алыс жолға шыққанда жолаушылар қара шаңырақтан, яғни үлкен кісінің үйінен дәм татып аттанады.