Абай облысында өрт болған Бородулиха ауданына жаңа әкім тағайындалды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ауданға су жаңа әкім болып Айдар Ибраев тағайындалды.
"Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігі мен Бородулиха ауданының мәслихат депутаттарының келісімімен және Абай облысы әкімінің өкімімен, Бородулиха ауданының әкімі лауазымына Ибраев Айдар тағайындалды. Облыс басшысының қатысуымен өткен актив отырысы бір минут үнсіздіктен басталды", - делінген әкімдік хабарламасында.
Айдар Ибраев 1979 жылы 27 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Ақши ауылында туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы "Дидар" газетінің тілшісі қызметінен бастаған. 2004 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. Сонымен қатар Ұлан ауданы әкімінің орынбасары, Жарма ауданы әкімінің аппарат басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2022 жылдың қазан айынан бастап осы күнге дейін Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысы лаузымын атқарды.
Бұған дейін әкім қызметін Ахметқали Нұрғожин атқарған болатын.