Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Ешкімге керек болмай қалды" спорт журналисі Валидир Седовтың не себепті өзіне қол жұмсағанын айтты

"Ешкімге керек болмай қалды" спорт журналисі Валидир Седовтың не себепті өзіне қол жұмсағанын айтты
ашық дереккөз
Елімізде тағы бір ауыр атлет өзіне қол жұмсады. 35 жастағы зілтемірші Владимир Седов өз үйінде асылып қалған. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің мұндай қадамға неліктен барғаны әзірге белгісіз. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, деп жазды КҮН.КЗ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап. Допинг дауына талай мәрте ілігіп, барлық жүлдесінен айырылған зілтемірші тосын мәлімдемелерімен ел есінде қалған болатын. Спорт сарапшылары Седов психологиялық көмекке зәру болып, басынан өткен қиындықтарды еңсере алмады деп топшылайды. Екі жыл бұрын тағы бір атлет Альберт Линдер 25 жасында суицид жасаған еді. "35 жастағы ауыр атлеттің мәйті оның тұрғылықты жері Қаратал ауданындағы Достық ауылынан табылды. Өзіне қол жұмсау фактісі бойынша ҚР ҚК 105-бабында көзделген сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істі аудандық полиция басшылығы бақылауға алды",-деді Жетісу облысы ПД ресми өкілі Әлия Нұрмұханбетқызы. Владимир Седов 2016 жылы спорт мансабын аяқтаған. Зілтеміршінің үлкен спорттан кетуіне бірнеше мәрте допинг дауына ілігуі  себеп болған. Өйткені сол жылдары Халықаралық ауыр атлетика федерациясы оның 2008-2016 жылдар аралығындағы жетістіктерін жойды. Яғни ауыр атлет Бейжің олимпиадасындағы төртінші орны, әлем, Азия чемпионатында жеңіп алған алтын, күміс және қола жүлделерінен айырылған. Спорт журналисі Айбек Қабылша осындай қиын сәтте жалғыз қалған Седов психологиялық көмекке зәру болып, өмірден баз кешті деп топшылайды. "Өзіндегі проблемасымен бұл жігіттер жалғыз қалды. Ұлттық құрама тарапынан, спорт министрлігі тарапынан бұл жігіттер кезінде біздің елдің намысын қорғап еді, көк тудың астында өнер көрсетіп еді, денсаулығын, уақытын, барша өмірін қазақ спортына сарп етіп еді деп, ешкім бұл жігіттермен кейін айналысқан жоқ. Ешкімге керек те болмай қалды. Осындай жағдайда оны қолдайтын, көңіл бөлетін ешкім болмады"-дейді спорт журналисі Айбек Қабылша. Қазақстан чемпионатында футболкасын лақтырып дау шығарған Седов сол кездегі ұлттық құраманың бас бапкерімен басы бір қазанға сыймады. Спортшы ауыр атлетикадағы талай былықты жайып салып, ел алдында Алексей Ниді талай мәрте айыптаған. Сондай-ақ ол командаласы Илья Ильинмен де алысып, ол допингтің күшімен ғана жеңіс тұғырынан көрініп жүр деген тосын мәлімдеме жасаған. Тіпті оны күш сынасуға да шақырған. Бірақ танымал зілтемірші Ильин өткенді ұмытып, Седовқа ешқашан өкпе артпағанын жеткізді. "Соңғы жылдары байланысымыз үзіліп қалған болатын. Аратұра ортақ таныстарым арқылы оның жағдайын біліп тұратынмын. Мен Седовқа ешқашан жамандық тілеген жоқпын. Оны спортшы ретінде сыйлайтынмын. Бірге жүріп, көп нәрсені бірге көрдік. Оның ауырып, қиналып жүргенін естігенмін. Өте өкінішті. Қазір көмекке мұқтаж спортшылар өте көп. Кеш болмай тұрғанда соларды құтқаруымыз керек",-деді ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин. Илья Ильиннің айтуынша, көк туымызды желбіреткен жігіттерді қолдап, назардан тыс қалдырмау керек. Өйткені атлеттер спорттан кеткеннен кейін қиындықты еңсере алмай, күйзеліске түсіп жатады. Осыдан екі жыл бұрын 25 жастағы тағы бір зілтемірші Альберт Линдер де өмірмен қоштасқан болатын
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар