Басты жаңалықтар
"Абыройымды түсіре алмайды": Дәулет Тұрлыханов ұлының әскери бөлімнен не себепті қашқанын айтты
- автор kyn.kz
- 5 шілде, 2023
- 1.2k
Депутат: Ол жап-жас, ғашық болып жүрген бала
Депутат, спорт ардагері Дәулет Тұрлыханов әскери бөлімнен қашып кеткен және қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған ұлының әрекеттеріне қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында үндеу жариялады.
"Соңғы бес айда әлеуметтік желілерде ұлыма қатысты жағдайға байланысты өте көп ақпарат шығып жатыр. Ия, бұл жағдайдың болғаны рас, алайда оны қоғамдық ортаға қайта-қайта сала берудің жөні жоқ деп есептеймін. Жағдай орын алғанда, мен өз пікірімді ашық айтқанмын. Барлық жағдай заң жүзінде шешілуі керек дегенмін.
Қазіргі кезде қоғамдық ортада менің ұлымның бір қателігінен басқа, қаншама айтылатын өзекті мәселелер бар емес пе?! Осы ақпараттар менің ұлыма үлкен психологиялық ауыртпалық түсіріп жүргенін сеземін. Ол әлі жап-жас жігіт. Оның жасағаны дизертирлік емес, былайша айтқанда, балалыққа салынып «самоволкаға» шығып кеткені. Мен ұлымның Қазақстан Қарулы күштерінің сапында жауынгер болып жүргенін мақтан етемін. Ол жастықтың жалынымен қателік жасағаны түсінікті. Ғашық болып жүрген бала, сүйген қызы келген екен, соған шығып кеткен. Бұл енді жастық сезім, махаббат сезімі. Әрине, мен оны ақтамаймын. Қай ата-ана өзінің баласын жаман болсын дейді?!
Осы жағдайға байланысты ақпараттардан хабардар болып отырған баламның қазіргі психологиялық жағдайы мені қатты алаңдатады. Құдай сақтасын, осы жағдай баламның тағдырын тәлкекке салып, қандай да бір оқыс әрекетке баруына себеп болса, мен де өз тарапымнан қарап қалмаймын, қолданыстағы заң шеңберінде әрекет етемін.
Бүгінгі күндегі абыройым - орасан еңбектің арқасында келген. Ал менің ұлыммен болған бір ғана жағдай – халық алдындағы абыройымды түсіре алмайды. Тағы да қайталап айтқым келеді, ұлыма қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бәрі заң шеңберінде шешілетін болады",-деп жазды депутат Дәулет Тұрлыханов.