Басты жаңалықтар
Тоқаев: Назарбаевтың еңбегіне әділетті баға беруіміз керек
- автор kyn.kz
- 5 шілде, 2023
- 887
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болғанын айтты.
Президент елорданы көшіру оңай болмағанын, қомақты жұмыс атқарылғанын атап өтті. Айтуынша, бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез еді.
"Осындай қиын жағдайда Жоғарғы кеңес тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді", - деді Тоқаев елорданың 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Астананың бауырлас қалалары форумында.
Ол елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатқанын айтты.
"Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім. Тұңғыш президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек", - деді президент.
Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе, деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.
Келесі мақала