Басты жаңалықтар
Мемлекеттен 107 млн теңге алған: саунадағы балалар лагеріне қатысты тергеу басталды
- автор kyn.kz
- 18 шілде, 2023
- 316
Алматыда саунадағы балалар лагеріне қатысты прокуратура тергеу бастады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап.
"Алматы қаласының прокуратурасы "сауна ғимаратындағы балалар лагеріне" қатысты қылмыстық кодекстің 361 бабы "Кәмелет жасқа толмаған жеткіншекті тәрбиелеу жөнінде құзіреттілігін асыра пайдалану" және Қылмыстық кодекстің 140-бабы "Міндеттерін орындамау фактілері" бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады", - деп хабарлады Алматы қалалық прокуратурасы.
Балалар лагеріне қаржыны Алматы қаласы білім басқармасы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бюджеттен бөлген. Прокуратураның мәліметінше, ұсынылған конкурстық құжаттама қойылатын талаптарға толық сәйкес келмейді.
"Прокуратура қылмыстық істерді тергеуді Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне тапсырды. Қылмыстық істер прокуратура органдарының ерекше бақылауында", - деп атап өтті ведомство.
Ал мәжіліс депутаты Нұргүл Тау лагерьді өз көзімен көріп, ондағы былықтың бетін ашты.
"Ұзынағаш ауылындағы "Арман дала" лагеріне барып, жағдайымен таныстым. Жазғы лагерьде баланың демалуына жағдай жасалмаған, өрескел заң бұзушылықтарға куә болдым. Лагерь бұрынғы сауна ғимаратында орналасқан", - деп жазды мәжіліс депутаты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, қызмет көрсетуші "БелРичи" жауапкершілігі шектеулі серіктестікке мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес қызмет көрсетуге 107,8 млн теңге бөлінген. Бұл қаражатқа серіктестік 1150 балаға демалыс ұйымдастыруы тиіс болған.
"Мемлекеттік сатып алу процедулары қалай жүргізілгені төңірегінде мәселе туындауына байланысты менің тарапымнан бас прокуратураға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетіне тексеру жүргізу жөнінде сауал жолданды", - деді Нұргүл Тау.
Еске сала кетейік, Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың балалары лагерьге тегін жолдама алған. Алайда сауна ғимаратынан ашылған лагерь ата-аналардың ашуына тиді. Ата-аналардың айтуынша, ондағы жағдай нашар. Балалар еденде ұйықтаған.
Келесі мақала