Сыңсумен емес Құран сүрелерімен қыз ұзатқандардың видеосы желіде, тарап кетті деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Қазақстанда қыз ұзатудың жаңа дәстүрі шықты. Енді кейбір тұрғындар бойжеткенді сыңсу айтып емес, Құранның сүресін оқып құтты ұясынан шығарып салатын болған. Көпшіліктің қызу талқысына түскен дәл осы ұзату тойының видеосы әлеуметтік желіге жарияланды.
Тараған бейнежазбадан ұзатылып жатқан қызды екі жеңгесінің алып бара жатқанын көруге болады. Барлығы қазақтың ұлттық киімін киген. Алайда мейрамхана ішіндегі дауыс ұлғайтқыштан сыңсудың орнына құранның дауысы шығып тұр. Осылайша бойжеткен өз ағайындарымен қоштаспастан, теңіне еріп кетеді. Мұндай ұзату тойын бұрын-соңды көрмеген көпшілік қайран қалған.
Әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі бұл үрдісті қолдаса, кейбірі "Құлшылықтың да өз орны бар, бұл салт-дәстүрімізді менсінбеушілік",- деп ойларын ортаға салды. Ал Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілдері “ бұл әр адамның өз еркінде” деп пікір білдірген.