Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

1 қыркүйектен бастап жалақы мен стипендия қаншаға өсетіні белгілі болды

1 қыркүйектен бастап жалақы мен стипендия  қаншаға өсетіні белгілі болды
ашық дереккөзі
ТжКБ студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға арттырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйекте халыққа Жолдауын жариялап, Үкіметке сала бойынша тапсырмалар берген болатын. Бүгінде 1 жыл ішінде Тоқаев көтерген мәселелер шешімін тапты ма? Бір жыл ішінде не өзгерді? KYN.KZ тілшісі  BAQ.KZ мақаласына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Елімізде білім саласына бірқатар реформа енгізіліп, өзекті мәселелер біртіндеп шешімін тауып келе жатыр. Былтыр Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Үкіметке қандай тапсырмалар берді?

Балабақша мен тәрбиеші

Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн, - деп Президент міндет жүктеген еді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күні балабақшаға қабылдау үшін жолдама алу бойынша жаңа жүйе енгізілді.

Баланы кезекке қою және мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін жолдама алу бойынша мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Есепке алудың бірыңғай базасы құрылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құзіретті мамандарды тарту мақсатында биыл қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің жалақысы 30%-ға артады және бұл шара өз жалғасын табады, - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Министр балабақшаның әрбір тәрбиешісі өзінің негізгі міндеті баланың мектепте оқуға физикалық, психологиялық, эмоционалдық, әлеуметтік дайындығын қалыптастыру және тең бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету екенін жеткізді.

Мұғалімнің айлығы өсті

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектеп педагогтерінің жалақысы тағы 25%-ға өсті. Бүгінгі таңда 217 мың (63%) мұғалім жаңа жүйемен аттестаттау қорытындысы бойынша негізгі жалақыға қосымша ақы алады.

Жайлы мектеп

2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеуді және жүзеге асыруды тапсырған болатвн. Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қазақстандық оқушының білім алуы мен жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдай жасалуы керектігін атап өтті.

Ұлттық жоба апатты мектептерді, үш ауысымда оқытуды және оқушылар орнының тапшылығын жоюға бағытталған.

Жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа бағыттағы 369 заманауи мектеп салу жоспарланып отыр. Қалаларда 205, ауылдарда 164 білім беру нысаны салынады.

217 ғимараттың құрылысын 2024 жылы, тағы 152 ғимаратты 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Жалпы жобаны жүзеге асыруға барлығы 2,4 триллион теңге бөлінеді.

Жемқорлардан тәркіленген ақшаға мектеп салынады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керегін айтқан болатын.

Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек, - деп Тоқаев Жолдауда тапсырма берген еді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған жемқорлардан тәркіленген қаражат жинақталатын қор арқылы бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 76 мың орынға шақталған (екі ауысымдық) 62 мектеп құрылысы қаржыландырылды.

Жалпы Қор құрылған өткен жылдың желтоқсан айынан бері оның есепшотына 151,6 млрд теңге түскен.

Қордың қызметі мектептерді, қосалқы ғимараттарды және интернаттарды салу және қайта жаңғырту арқылы үш ауысымдық мектептер мен апатты оқу орындарының мәселелерін шешуге және жалпы білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын жоюға бағытталған.

Мектеп формасына 40 мың теңге

Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн, - деді Тоқаев былтырғы халыққа Жолдауында.

«Жалпыға бірдей білім беру» қорынан жыл сайын 460 мыңнан астам аз қамтылған отбасы балалары киім-кешек пен оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Жаңа оқу жылына дайындық үшін көмекке мұқтаж отбасы балаларының әрқайсысына 40 567 теңге беріледі. Биыл қордан осы мақсатқа 18,7 миллиард теңге бөлінді.

Ақшалай көмек ата-ана қамқорлығынан айырылғандарға, жетім балаларға, АӘК алатын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен аз, әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасыларға берілгенін еске сала кетейік.

Техникалық-кәсіптік білім

Мемлекет басшысы техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керегін айтқан болатын.

Былтырғы оқу жылында 517,3 мың жас 772 колледжде оқыды. Мемлекеттік тапсырыстың 60%-ы техникалық мамандықтарға қайта бағдарланған.

Екі жылқатарынан жұмысқа орналасу міндеттемесімен, мақсатты тапсырыс бойынша 10 мың студент оқуға қабылданып келеді.Студенттерге еңбек нарығына шығу үшін 3 біліктілікке дейін алуға мүмкіндік беріліп келеді.

Әр балаға 3 500 доллардан

Президент «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын былтыр қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған Жолдауында ұсынған еді. Тоқаев әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы керек екенін мәлімдеді.

Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ін балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынамын. Бұл ретте оны мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді, - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылы 1 қаңтардан бастап іске қосылады.

Кәмелетке толмаған әрбір қазақстандық бала Ұлттық қордан өз үлесін алуға құқылы. Соңғы деректер бойынша елімізде 18 жасқа дейінгі 6, 7 млн бала бар. Болжам бойынша 2024 жылы дүниеге келген сәбилердің шотында 18 жыл ішінде 3 500 доллар жиналады.

Стипендия тағы өседі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері өседі.

Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20%-ға,

Магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%-ға,

ТжКБ студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға арттырылды.

Енді студенттер қанша теңгеден алады:

докторанттар (оның ішінде «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша) – 217 500 теңге;

даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111 579 теңге;

магистранттарға – 97 024 теңге;

интерндерге – 75 890 теңге;

жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша білім алатын студенттер – 67 200 теңге;

даярлаудың педагогикалық бағыттары және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттер – 41 898 теңге;

техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттер – 32 681 теңге;

техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттер – 31 422 теңге.

Жатақхана шығыны өтеледі

Басқа қалаларда тұратын ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру шығыстары өтелмек.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Үкіметке «...студенттердің жекелеген әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін жатақханада тұру шығыстарын субсидиялау мүмкіндігін пысықтауды» тапсырды.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Президент тапсырмаларын орындау аясында Үкімет тиісті қаулы қабылдады.

Атап айтқанда, «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидаларына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес азаматтардың жекелеген санаттары үшін еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу кезінде жатақханада тұру шығыстары үшін өтемақы төлеу көзделген.

Жатақханаларда тұру шығыстары үшін өтемақы сомасы жылына 29 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Биыл барлығы 7 145 адам өтемақы алады. Олардың ішінде 4 651 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер. 2 494 мүгедектігі бар, бала кезінен мүгедек адамдар, мүгедектігі бар балалар. Өтемақы осы жылдың қыркүйегінен бастап беріледі.

Бастауыш сыныптың балалары тегін тамақтанады

Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында 1 қыркүйектен бастап 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар