«Қызымның кінәсі жоқ». Көз жұмған 4 жасар Хантөренің нағашы әжесі жан айқайын жеткізді
- автор kyn.kz
- 30 қыркүйек, 2023
- 11.0k
Қызымның кінәсі жоқ! Алматыда жас жігіттен таяқ жеп, ауруханада көз жұмған 4 жасар Хантөренің нағашы әжесі арнамызға сұхбат берді. Самал Тоқтасынованың анасы «сыртымыздан жала жабуға жол бермейміз» деп отыр. Қызын қызғыштай қорғаштаған әйел қылмыстың мән-жайын полиция анықтап, құқықтық бағаны тек сот беретінін жеткізді, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Өткен аптада кішкентай бүлдіршінді анасының азаматтық некедегі күйеуі өлімші етіп сабап, балабақшаға апарып тастаған. Ауыр жарақат алған баланың демі жансақтау бөлімінде үзілген еді. Апта басында ажал құшқан 4 жасар Хантөренің анасынан пікір алу мақсатында туыстарының үйіне іздеп барып, ешкімді таба алмадық. Сосын Самал Тоқтасыноваға қоңырау шалдық. Тұтқаны оның шешесі көтерді. Кішкентай бүлдіршіннің нағашы әжесі камераға сұхбат беруден бас тартып, ойын телефон арқылы жеткізді. Айтуынша, қызын кінәлап жатқан жандар көп екен. Келіншек оқиғаның мән-жайын білмей, сыртымыздан жала жабуға ешкімнің құқығы жоқ деп отыр.
"Кінәлағандар менің баламның қасында болған жоқ. Неше түрлі айтып жатыр. Мен баламның жүрегіне қаяу салғым келмейді. Өзі де тірі өлік болып жатыр. Соның өмірін, соның киімі мен аяқ-киімін кисін де, орнына өмір сүріп көрсін. Сосын барып айтсын. Ешкімнің ештеңесін тыңдамаймын да, ол айтатындар айта берсін. Бәрін уақыт орнына заң бойынша кінәлілер жауап береді. Баламның осындай жағдайға апарғызғанына. Қанішерлердің барлығы",-дейді С Тоқтасынованың анасы.
"Қайғыдан есеңгіреген қызымды колледждегі жұмысынан шығарып, ауылға әкетіп барамыз" деген әйел қылмыстың жай-жапсарын полиция анықтап, құқықтық бағаны тек сот беретінін жеткізді. Қамауға алынған күдіктінің де баспанасын тауып, есігін қақтық. Алайда ішінен тірі жан шықпады. Көршілердің айтуынша, бұл пәтерде Дархан Дәулетов ата-анасымен бірге тұрған. Тұрғындар аталған отбасы ешкіммен араласпаған дейді.
"Бір түрлі кісілер. Ана кісі пәтер жалдап тұрамын деп айтты, қызы. Ана кісі әпкемнің үйі деп айтты. Екі түрлі айтты. Бірекі күн ғана тарс-гүрс деген дауыс естілді. Болды",-дейді Айдана Сексенбай.
Осыған дейін баланың әкесі арнамызға сұхбат беріп, ажырасқан әйелін де жауапқа тартуда талап еткен болатын. Заңгер Бағдат Амандосұлы ұлын ұрып-соғатынын біле тұра, полицияға жүгінбеген жағдайда анасы да жауапқа тартылуы мүмкін дейді. Кәмелетке толмаған баланы қауіпті жағдайда қалдырып, салдары өлімге әкеп соққаны дәлелденсе, 25 жастағы мұғалім үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
"Бұл жерде анасының да кінәсі бар деп ойлаймын. Себебі, ол өзіне жүктелген атааналық парызын, міндетін тиісті түрде жүзеге асырмағандығының нәтижесі болуы мүмкін. Сондықтан менің ойымша, анасы да немқұрай қарағандығы дәлелденсе, ол да жауапқа тартылуы тиіс. Учаскелік полиция өзіне жүктелген міндеттемелерді толық жүзеге асырмаса, онда аталған құқық қорғау органының қызметкерлері қылмысты жасыру фактісімен қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін",-деді заңгер Бағдат Амандосұлы.
Әкенің арызын қабылдап, ешқандай шара қолданбады делінген учаскелік полицейлердің мәселесі қызметтік тексерістің қорытындысынан кейін белгілі болады. Атышулы іс бойынша күдікке ілінген 19 жастағы жігіт қазір қамаула отыр. Тергеу жалғасуда. Еске салсақ, сұмдық жайт өткен аптада болған. Төрт жасар Хантөрені анасы азаматтық некедегі күйеуіне қалдырып жұмысқа кеткен. Сол уақытта жас жігіт бүлдіршінді соққыға жығып, балабақшаға апарып тастаған. Ауыр жарақат алған баланың жағдайы бөбекжайда күрт нашарлап, ауруханадан бір-ақ шыққан. Іш құрылысы зақымданған баланың соңғы демі төрт күннен кейін жансақтау бөлімінде үзілді. Ал Самал есімді әйел колледжде сабақ береді. Ол студентімен оқу орнында танысып көңіл жарастырған.