Петропавлда балабақша қызметкерінен туберкулездің ашық түрі анықталды
- автор kyn.kz
- 6 қазан, 2023
- 5.9k
Петропавлда балабақша қызметкерінен туберкулез дерті анықталды. Жұқпалы кеселдің ашық түріне шалдыққан басқа емес, балақайлардың денсаулығына жауапты мейірбике екен. Бұл жағдайды ата-аналар балабақшада залалсыздандыру жасала бастағанда ғана білген, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
"Ұялы телефонымызға балабақшада залалсыздандыру шарасы жасалды, балаларыңызды алып кетіңіздер деген хабарлама келді. Қалай сонда, балақайлар ұйықтап жатқанда дезинфекция жасалды ма? Дереу залалсыздандыру орталығына хабарласқанымызда, балабақша қызметкерінен құрт ауруы анықталғанын айтты",-дейді бүлдіршіннің анасы Әсел Әбутәліпова.
«Балдәурен» балабақшасы қаладағы ең ірі мектепке дейінгі мекеме. Бұл жерде 338 бала тәрбиеленуде. Туберкулездің ашық түрі осында жұмыс істейтін мейірбикеден анықталған. Науқас ондағы әрбір баламен байланыста болған.
Сондықтан бүлдіршіндердің бәрі қауіпте. Жұқпалы дерт қызметкерлер жоспарлы түрде медициналық тексерістен өткен кезде анықталған. Қазір мейірбике жұмыстан шеттетілген. Енді балабақшадағы барлық бала тексеріліп, оларға екпе салынады. Ал ашулы ата-аналар болған жағдайды бірден хабарламаған мекеме басшылығына наразы. Сондай-ақ залалсыздандырудан балалар зиян шекті ме, жоқ па, оны енді комиссия анықтайды.
"Алдын ала мәліметтер бойынша, былтырдың флюрографиясында жақсы болды дейді. Жаңа өткен флюрография тексерісінің нәтижесінде осы жағдай шықты. Арнайы комиссия жұмыс істейді. Комиссияның нәтижесінде нақты шара қабылданады",-дейді СҚО білім басқармасының басшысы Назір Жәшібеков.