Жамбыл облысында кәсіпкер орталық стадионда мал бордақылап, егін егіп отыр
- автор Анар
- 17 қазан, 2023
- 2.3k
Сарысу ауданының тұрғындары 27 жыл бұрын жекеге өткен стадион қайта мемлекет меншігіне қайтарылсын дейді, деп хабарлайды KYN.KZ. тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап. Себебі, жеті мыңнан аса халқы бар ауыл жастары спортпен шұғылданатын жер таппай жүр екен. Саудакенттегі сау-тамтығы қалмаған сұрықсыз стадионға қара құлып салынғалы 25 жылға жеткен. Спорттық сайыстар мен доп додасы үзілмеген алаңды сол уақытта кәсіпкер сатып алады.
«Жастар стадионын» жаңартып, жасөпірімдерге жағдай жасаймын деген желеумен әкімдік пен халықты иландырады. Алайда жекеге өткелі жасыл алаңға жан баласын жолатпаған. Спорттық мақсатта алуын алып, стадионды шаруақожалыққа айналдырып жіберген дейді жұрт. Ауылдықтардың айтуынша пайдасын көріп, табысын тауып алған соң өзге кәсіпкерге сатып жіберген. Қазір қолдан қолға өтіп жүр.
- Шамамен 7.5 миллионға алдық ол жерді. Халыққа қатты керек боп жатса, халық наразы боп, жерді берсін деп жатса, құдай қаласа, дайынбыз, ойланып көруге,-дейді Бекзат Нұрсүлейменов, кәсіпкер.
Ал әкімдік кәсіпкерден стадионды тегін сұрап көндіре алмаған соң, демеушілердің көмегімен сатып алуға кірісіп кетіпті.
- Ауылдың көне көз қарияларының айтуынша, 10-15 мың теңге көлемінде сатылған жекеге. «Жастар стадионынының» қазіргі қожайынымен келіссөз жүргізілуде. Келешекте 8-10 млн теңге көлемінде біз демеушілердің есебінен ауданның теңгеріміне алуды жоспарлап отырмыз. Биыл болмаса, келесі жылдың басында міндетті түрде теңгерімге аламыз,-дейді Құдайберген Рысдәулет, Сарысу ауданы әкімінің аппарат басшысы.
Осылайша 27 жыл бойы жыр болған стадионды ауданның қазіргі билігі келер жылдың басына дейін міндетті түрде мемлекет меншігіне қайтарамыз деді. Күрделі жөндеу жүріп, есігін айқара ашқан жағдайда ауылдық округтегі 12 мыңнан аса халық игілігін көрмек. Дегенмен, ертеректе стадионға білгенін істеген кәсіпкерге билік заңды не заңсыз сатқаны белгісіз. Архивттегі қажетті құжаттрардың жоғалғанына байланысты бұл сұрақтың жауабы жұмбақ күйінде қала бермек.