"Әпкем шешіндіріп, сүйді": Мектеп оқушыларына арналған тапсырма ата-аналардың ашуын тудырды
- автор Анар
- 19 қазан, 2023
- 6.0k
Оқулықта келтірілген мәтінді балаларға арналған өлеңдер мен ертегілердің авторы Джумагельдинова Дария Тукеновна жазған екен, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Желіде екінші сынып оқулығындағы оқиғаның суреті тарап кетті. «Біртүрлі мәтінге» қазақстандықтар наразы болды.
Оқулықтағы әңгімеде бала әкесінен ауыр сөз естіген соң қандай күйде болғанын түсіндіріп жазу сұралған:
«Мен ұлым болғанын армандадым. Сені отбасымыздың қорғаны болады деп ойладым, бірақ сен мені масқараладың. Көзіме көрінбей кет!»,– деп жазылған.
Біраз уақыттан кейін бала «таяқ жеген күшікке» ұқсап бөлмесіне оралады.
Оқулықта ары қарай жазылған мәтін бұдан да ыңғайсыз.
«Төсектің жанындағы еденге жатып ұйықтап қалыппын. Біреудің мені шешіндіріп жатқанын сезіп, оянып кеттім. Әпкем мені шешіндіріп, сүйіп, жылы сөздер айтты. Көзіме еріксіз жас келіп, әпкемді құшақтап алдым. Әпкем менімен бірге жылады. Кейін өзімді бақытты сезіндім», — деп жазылған.
Жоғарыда келтірілген мәтінді оқып болғаннан кейін оқушыларға баланың көңіл күйінің өзгеруін сипаттау ұсынылған. Алайда желі қолданушылары оқулықтағы тапсырмаға наразылықтарын білдірді.
«Бала кездегі психикалық зақымның қайдан келетіні анық болды», «Мен таңғалмаймын. Оқулық жазудың стандарты мен балалардың жас талаптары бойынша арнайы мамандары бар ғылыми-зерттеу институттары қайтарылмайынша, кітаптарда тәртіп болмайды», «Оқулықтарды психологтар сараптамайды, тексермейді. Біздің елде психологияға әлі де болса немқұрайлылықпен қарайды. Өзіміздің және балаларымыздың психикасына мұқият болуымыз керек», «Түпнұсқа мәтіннен дұрыс аудармаған сияқты», – деді желі қолданушылары.
Ал оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, оқулықтағы мәтін 2017 жылы оқу бағдарламасына еніп, сараптау орталығының сайтында және еліміздің барлық облыстарындағы педагогтер арасында қоғамдық талқылауға өткен.