Айтыскер ақын Айшолпан Тлеутай 4 баланың қазасына арнаған ән жолдарын әлеуметтік желіде халықпен бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ.
Аягөзім, мақтан етем атыңды
Перзентің боп толтырып ем сапыңды.
Кеше бірақ сенде болған сұм жағдай
Жанымызға тырнақтарын батырды.
Халық күткен Республика күнінде
Салют емес, газ балоны атылды.
Тауларың да үнсіз қалды айбынды
Өзенің де жылап жатыр айдынды.
Азық іздеп, күнін көрген ата-ана
Бір-ақ сәтте төрт баладан айрылды.
Кім жазады жүрегіңнің жарасын?!
Кім кетірер қара бұлттай қайғыңды?!
Сүйінші емес, хабар келсе қаралы
Құса мұңға толған жаның жаралы.
Жағдай жасап, көмек берсе үкімет
Ата-анасы қалдырар ма баланы?!
Әлеуметтік көмегінен айырып
Кімдер екен жұмыс істеткен ананы?!
Ей, әкімдік, қандай ауыр уақиға
Сау басыңа тілеп алдың сақина.
Сәбилерден үнемдеген қаражат
Төрт баланың тағдырына тати ма?!
Ата-ананы жұбатарсың не сөзбен
Балаларын аттандырған бақиға?!
Өз халқыңның біле алмасаң қадірін
Болашақтың шапқаның ғой тамырын.
Көңіл айтам Әке менен Анаға
Сынақтардың көріп жатқан ауырын.
Үміт күткен ұрпағымен бір күні
Жәннат бақта жолықтырсын Тәңірім!
Айшолпан Тлеутай