«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшысын қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды
- kyn.kz
- 31 қазан, 2023
- 843
Петиция авторы Самат Айдос президент Тоқаевқа үндеу жолдаған, дейді KYN.KZ.
Құжатта соңғы 15 жылда «АрселорМиттал Теміртау» нысандарында 100-ден астам адам қаза тапқаны көрсетілген. Оның үстіне әрбір екінші адам өлімі арнайы «Қазақ бөлімінде» тіркелген.
«Біз, петицияға қол қойған азаматтар, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қожайыны Лакшми Миттал мен менеджері Палаватха Кришнанның қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әрекетсіздікке барғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеміз! Сондай-ақ компаниядағы еңбек жағдайын тексеруі тиіс мемлекеттік қызметкерлерді де естен шығармау керек!», - делінген құжатта.
Петиция авторлары сонымен қоса соңғы 5 жылда «АМТ» компаниясының табысы 1 трлн теңгені құрағанын айтады. Сөздерінше, компания өзінің менеджері Палаватха Кришнан Наир Биджуға 2021 жылы 375,9 миллион теңге немесе айына 31,3 миллион теңге немесе күніне шаққанда 1,01 миллион теңге төлеген.
Петиция alash.online сайтында жарияланған. Қазір петицияны 5 мыңға жуық адам қолдап үлгерген.
Еске сала кетейік, 50 мыңнан аса дауыс жинаған петиция Үкімет деңгейінде қаралады.