Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Абзал Құспан: 46 кеншінің өліміне қатысты Назарбаевты да тергеу керек

Абзал Құспан: 46 кеншінің өліміне қатысты Назарбаевты да тергеу керек
Бас прокуратурадан жауап күтіп жүргенін айтты

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан миллиардер Лакшми Митталдың үстінен қылмыстық іс қозғалмауы мүмкін екенін айтады, дейді KYN.KZ. Себебі ол Қазақстанда жұмыс істемеген.

1995 жылдан бастап есептейтін болсақ, қаза тапқан азаматтардың саны 200 адамнан асады. Бұл – өзін дамыған елдер қатарына қосатын елдердің тарихында болмаған жағдай. Қылмыстық істі компанияның Қазақстанда қызмет атқарған топ-менеджерлеріне ғана қозғауға мүмкіндік бар. Қылмыстық іс жекелеген азаматтардың үстінен қозғалады, компания, яғни заңды тұлғаның үстінен қозғалмайды. Лакшми Митталдың үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі ол Қазақстанға келіп, көзімен көріп, осы жерде шешім қабылдап жатқан жоқ. Ол инвестор ретінде ғана жұмыс істеп жатыр, - дейді мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Айтуынша, нақты дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Компания қызметкерлері тергеу органына нақты құжат ұсынып, «жұмыстағы қауіпсіздікке байланысты қаражат сұрадық, Лакшми Миттал бір жақты шешімімен қанағаттандырмады» деген жағдайда ғана оның үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Абзал Құспан 1995 жылы Лакшми Митталдың Қазақстан нарығына қалай келгені туралы түрлі ақпарат айтылып жатқанына назар аударды. Айтуынша, мемлекет басшысымен кәсіпкерді кім таныстырғаны, қандай сомада пара бергені туралы да дерек бар.

Осының бәрін ескеріп, Қазақстанның бас прокуратурасы бұл деректерді қылмыстық істердің бірыңғай тізіліміне енгізіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты тергеу жүргізуі керек деп санайды.

Осы жағдайдан кейін депутат ретінде сұраныс жолдадым. Бас прокуратурадан жауап күтіп отырмын. Қазір қылмыстық-процестік кодекстің талаптары өрескел бұзылып отыр. Қазақстанға танымал белгілі саясаткерлер Болат Әбілов, Мұхтар Жәкішев нақты жауап беріп жатыр. 1995 жылы Лакшми Митталдың Қазақстан нарығына қалай келгені, оны кім алып келгені, сол кездегі мемлекет басшысымен кім таныстырғаны, тіпті қандай сомада пара бергені ашық айтылып жатыр.

Қолданыстағы заңға сәйкес, Бас прокуратура қылмыстық істердің бірыңғай тізіліміне енгізіп, осы деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері басталуы керек болатын. Бірақ Бас прокуратура тарапынан осындай әрекет жасалмай отыр, - деді Мәжіліс депутаты.

Айтуынша, аты аталған азаматтар куә ретінде шақырылып, мемлекетке опасыздық жасады-жасамады деген факті бойынша мемлекеттің бұрынғы президентінен бастап тексеру жүргізілуі қажет.

Ұқсас жаңалықтар