«Біз білмейтін сиқырлы шаруа бар ма?»: Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек үкіметтен қаражатты қайда жұмсайтынын сұрады
- kyn.kz
- 2 қараша, 2023
- 2.3k
«Біз білмейтін сиқырлы шаруаларыңыз бар ма?» Ұлттық қордағы кеміген ақшаны түгендеген депутаттар Үкіметтің резервіндегі қаражатқа да шүйлікті. Мәжілісмендердің сөзінше, кезек күттірмейтін мәселелер шаш етектен болуына қарамастан, Үкімет қаражатты жетер жеріне жеткізіп, дұрыс үлестіре алмай отыр, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
“Үкіметтің резервінің негізгі мақсаты — бір жолғы күтпеген шығыстарды қаржыландыру. Оны бәріміз білеміз. Резервтегі ақшаны бөлу туралы шешімді енді мына Үкімет Парламенттің келісімінсіз қабылдайды. Маңызды жобаларды қаржыландыру керек болып тұрғанда, неліктен Үкімет ақшаның біраз бөлігін резервке салады? Қандай мәселелерді шешуді жоспарлап отырсыз? Әлде біз білмейтін сиқыр бар ма?“,-дейді Бақытжан Базарбек Мәжіліс депутаты.
Депутаттың сұрағына қаржы министрі жауап берді. Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, биыл Үкіметке үлкен сабақ аларлық кезең болған. Екібастұз бен Риддердің алма-кезек жылу мен сусыз қалғаны, шахтерлердің жұмыс орнында бір емес, бірнеше рет қаза тапқаны, алапат өрттер бюджетке де үлкен салмақ. Айтып келмейтін апат салдарын жоюға 170 млрд теңгедей қаражат бөлініпті. Қаржы министрінің айтуынша, алдағы екі жылда Үкімет резервінен биылға қарағанда екі жарым есеге аз ақша бөлінеді. Ол шығынды жабуға қарастырылған бюджет жетіп қалады деп сендірді.