Дүкендегі манекенге өзінің ескі күртесін іліп, құндыз жағалысын ұрлап кеткен
- kyn.kz
- 3 қараша, 2023
- 798
Жылы күртешеге бола жауапқа тартылмақ. Ақтөбеде құндыз жағалы сырт киім ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі KTK арнасына сілтеме жасап.
Ол азамат сауда үйінің алдындағы манекенге ескі күртешесін кигізіп, жаңасын жымын білдірмей алып кеткен.
35 жастағы тұрғын қаланың қақ ортасындағы сауда үйлерінің біріне күндіз келген. Дәлізде тұрған манекендерді бір шолып, құндыз күртешені шешіп алады. Тіпті жансыз қуыршақтың үстіне өзінің ескі киімін кигізіп кеткен. Ең қызығы, дүкеншілер күртешенің ұрланғанын білмеген. Тек бейнебақылау камерасын көріп отырғанда ғана байқапты. Осыдан кейін полицияға арызданып, 60 мың теңгенің сырт киімін үптеп кеткен күдіктіні ұстаған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
“Ер адам манекеннен күртені шешіп, орнына өзінің ескісін кигізіп кеткен. Ұрлық сыртқы бақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазба арқылы күдікті ұсталып, сотқа дейінгі тергептексеру басталды. Ақтөбе аумағында осындай қылмыстарға оның қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр”,-дейді Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі.