"Печать қолымда тұрғанда, білгенімді істеймін": Шымкент білім басқармасы қызметкерінің дауға қалды
- kyn.kz
- 3 қараша, 2023
- 705
Әлеуметтік желіде Шымкенттегі қосымша білім беру оқу салалық орталығы директорының мекемедегі жұмысқа орналасу, үстемақы тағайындау сияқты мәселелерді өзі ғана шешетінін айтқан аудиожазбасы пайды болды, деп хабарлайды KYN.KZ.
Әлеуметтік желідегі ақпаратта аудиожазбадағы дауыс қосымша білім беру оқу салалық орталығының директоры Гүлнар Ахметбекованың дауысы екені айтылған. Жазабада басшы қызметкерлеріне отбасылық мәселелерін айтпауын және жаңа қызметкерлерге үстемақы беру-бермеу мәселесін өзі шешетінін айтып дауыс көтереді.
“Мен мөр қолымда тұрғанда, мен басшы болып тұрғанда, өз білгенімді істеймін. Ешкімді тыңдамаймын. Басқарма басшысы болса да, әкім болса да, прокурор сот болса да маған бәрібір. Мен мына жерде жай отырған жоқпын, менің де таныстарым жетеді. Барлығын мен шешемін”, – дейді аудиожазбадағы дауыс.
Шымкент қалалық білім басқармасы аудиожазбаға қатысты қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.
“Шымкент қалалық білім бөлімінің салалық қосымша білім беру оқу орталығының басшысына қатысты әлеуметтік желіде жарияланған материалдар тексеріліп жатқанын хабарлаймыз. Орталық басшысы қазір денсаулығының нашарлауына байланысты еңбек демалысында. Жақын арада білім басқармасының баспасөз қызметі факті бойынша толығырақ ақпарат береді”, – делінген хабарламада.