Қазақстан Палестинаға 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек береді
- kyn.kz
- 3 қараша, 2023
- 2.8k
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитіне қатысты. Президент самитте Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Ақорда Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.
⠀
Президенттің айтуынша, бүгінде медиацияның рөлін арттыру — өзекті мәселе.
⠀
«Қазір айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отыр. Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа Секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — басты міндет. Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым», — деді мемлекет басшысы.
⠀
Тоқаев ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс еместігін атап өтті.
⠀
«Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез-келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау — басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды», — деді президент.