Ай-күні жақындап қалған әнші Ерке Есмахан көпшіліктен жеңіл босану үшін не істеу керектігін сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ.
Өнер иесі күйеуі екеуі сәбимен кездесуді асыға күтіп жүргендерін айтты.
Ерке Есмахан жүктілігінің тоғызыншы айына келгенін айтып, келіншектер қауымынан ақыл сұрады. Өнер иесі алғашқы жүктілігінен кейін 11 жыл өтіп кеткендіктен көп жайттарды ұмытып қалғанын жасырмады. Сол себепті ол көпшіліктің көмегіне жүгінуді шешкен.
"Ең әдемі кезеңімнің 9-шы айы бүгін басталды. Алла бұйыртса жүрегімнің ішіндегі жүрегіммен жүздесетін күнді әкесі екеуміз асыға күтудеміз. Ал қыздар қауымы мәреге жақын қалдым. Айтатын ақылдарыңызды аямай жазыңыздар", - деді әнші.
Эстрада жұлдызы аяғы ауыр кезінде ұшақпен көп ұшып, көптеген елге саяхаттады. Оның айтуынша, жүктілігі айтарлықтай жеңіл өтуде. Алайда, дәрігерлер соңғы айда әншіге үйде отыруға кеңес берген.
"Бөпе құрсағыма біткеннен бастап менде ұшу-қону көп болды. Әсіресе, шетелге көп бардық. Бір жарым айда Лондонда қыдырып, концерт көріп, билеп жүргенмін. Одан соң, қаншама ұшулар болды. Жетінші айда да Лондонда болдым. Токсикоз, ми ашу, қиналыс болмады. Осы кезге дейін ештене сезбей, жеңіл өтіп кетті. Тек осы ай тоғызыншы айда дәрігерлер "тынышталыңыз, үйде отырыңыз" деген соң, отырмын амал жоқ", - деді ол.