Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Балғынбек Имашевтің анасының туған күніне жасаған арнауы көпшіліктің жүрегін елжіретті

Балғынбек Имашевтің анасының туған күніне жасаған арнауы көпшіліктің жүрегін елжіретті
https://instagram.com/balgynbek_imash
Анасының туған күніне арнайы өлең жолдарын арнады

Айтыскер Балғынбек Имашевтің анасының туған күніне әлеуметтік желіде арнайы жазба қалдырды, деп хабарлайды KYN.KZ.

“Бүгін - Анашымның туған күні!
Ол қарапайым ана. Үй шаруасында болған. Университет, академия бітірмеген. Бірақ, Күлсара әжесінің, Имаш пен Битәй (шын аты - Қалдыбала) ата-енесінің тәрбиесін көрген. 
Келі мен келсап алып тары-талқан түйген, тулақпен жүн сабап, ол жүнді жуып, түтіп, бояп, киіз басып, ою ойып, текемет жасаған кісі. Бүкіл ауыл анама текеметтерінің оюын ойғызатын. Оның етсіз-ақ, жай баса салған картошкасына, баса салған вермишеліне, жаба салған табананына ешбір ресторанның тамағы, илалиян пастасы, наубайхананың наны жетпейді! 
Ол - менің Анам! Жылдан жылға жасарып жатқан жоқ. Мен тек шөберелерін сүйіп кетсе деп армандаймын, бала-шағасының алдында кәлимасын қайырып, ақ иманмен Раббысымен қауышсын деп дұға етемін! Сіздер де дұға етіңіздерші! 
Аналарыңызбен жәннәтта жүдесуді Алла нәсіп етсін!

Анамның туған күні

Ол туған күн - бәрімізге мереке, 
Ол туған күн - әлі бізге береке. 
Тілегі оның - судан таза, сүттен ақ,
Жүрегі оның - аспаннан да кең өте!

Ғұмырында аз болса да мөлдір сәт,
Ана болған жатыры асыл, кең құрсақ.
Иісі оның - жер бетінде ең жұпар,
Дауысы оның - әлемдегі ең жұмсақ.

Өнегесін бере алмайміз өлшеп біз,
Болмысы бар - тұтас, бүтін, бөлшексіз,
Пейілі оның - түпсіз, терең, толассыз,
Мейірі оның - дүниеде ең шексіз!

Анам үшін жасасам да мың құлдық,
Толғағына татымайды бір түндік.
Жан анамның жанындағы әр сәтім,
Жаратқанға жақындауға мүмкіндік!

Жанымдағы Жұмағымның қақпасы,
Ауырмасын, Анамды Алла, сақташы!
Разы қылып үлгерейін, ия, Раббым,
Жұмағымның бұл қақпасын жаппашы!”,- деді айтыскер жазбасында.

Ұқсас жаңалықтар