Түріктің әйгілі аспазы Қазақстанда алғаш рет өз тәжірибесімен бөлісіп, семинар өткізбек
- автор kyn.kz
- 29 қараша, 2023
- 627
Түркия еліндегі ең беделді аспаз Қазақстанға келетін болды. Ұн өнімдерінен жасалатын түрлі нандар мен бәліштер, тәтті нандар, шоколад өнімдерінің түр-түрін әлем аспаздарына мойындатып жүрген азамат қазақстандық әріптестерімен кездеспекші. Онда наубайхана бизнесі мен ерекше дәмнің құпиясы ашылмақ, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Арғы атасынан наубайшылықты кәсіп қылған Хакан Доган 1974 жылы Битлис қаласында дүниеге келген. Ол бүгінде ірі, беделді ұжымдарға қызмет ететін наубайханаларға өз тәжірибесі мен білімін бөліседі.
2014 жылдан бері Италия, Латвия, Кипр, Ресей, Польша, Франция, Германия жəне Бельгия сияқты елдерде ашытқы туралы зерттеулер жүргізіп келе жатқан зерттеушілер тобының мүшесі.
Аспаз нан өнімдерін ерекше әрі дәмді дайындау бойынша әлемдік марапаттарды иеленген. Олар: 2016 жылы «Alfa publications» баспасынан шыққан кітабы үшін əлемдегі ең беделді аспаздық кітаптар байқауы «Gourmand Cookbooks Awards» байқауында «нан» номинациясы бойынша 2017 жылғы «Gourmand winner» сыйлығымен марапатталған.
Оның нан, шоколад жəне торт туралы мақалалары республикалық журналдарда жарияланып тұрады. Аспаздың семинар сабағы 29 қараша мен 1 желтоқсан аралығында «Rixos President Astana» қонақ үйінде өтеді.
Іс-шара Қазақстандағы Түркия елшілігінің қолдауымен өткізіліп жатыр.