“Таныстарым көріп қоймаса екен деп қорқатынмын”: Айдарбекова аула сыпырушысы болған кезін еске алды
- kyn.kz
- 1 желтоқсан, 2023
- 2.7k
Гүлзира Айдарбекова жолдасы екеуі тынбай еңбек етіп, алғашқы пәтеріне өз күшімен қол жеткізгенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ.
Баспаналы болу үшін белгілі продюсер тіпті аула сыпырушысы болған.
"Нұрекем де күндіз-түні тынбай жұмыс істеп, үйге ақша жинады. Жас отбасы болғандықтан, менің де көмектескім келді. Аула сыпырушы болып жұмысқа орналастым. Көшеде жүргенде қатты қорқатынмын. Таныстар мен көршілер көріп қоймаса екен деп бетімді жерден алмай сыпыра беретін едім. Үлкен әже болып киініп, тек көзімді ғана ашып жүру қиын болса да, шыдадым. Жұмыстан намыстанып тастап кеткім де келген күндер болды. Бірақ мақсатымыз айқын болғасын соңына дейін көнуге тура келді. Сол кезде арсыздықпен ақша таппай, адал еңбекпен жұмыс істегеніме қуанамын. Бірақ аула сыпырушы жұмысынан шықтым, екінші мүмкіндіктің ашылатынын білдім", – деді продюсер.
Сондай-ақ Айдарбекова Қайрат Нұртасқа аяғы ауыр болған кезде саудамен айналысқан.
“Қайратқа айы-күнім жетіп, ауылға босануға бардым. Сол кезде ауылдың дүкендерінде импорт деп аталатын киімдер келіп жатыр екен. Ол кезде ешкім бренд деген сөзді білмейді. Сол киімдердің бәрін сатып алып, жоспарымды өзгертіп, қалаға әкеліп таныс қыз-келіншектерге саттым. Қалада ондай киімдер қымбат әрі тапшы. Нұрекеңе саудаға шығатынымды айттым. Ол да қарсы болмады. Ауылдан әкелген киімді бір күнге жетпей, жатақханада тұратын қыз-келіншектер талап алып кетті. Күніне 200-300 сом ақша таптық. Нұрекең екеуіміз 15 күнде алғашқы көлігімізді алдық. Көп ұзамай армандаған бір бөлмелі пәтерге ие болдық", – деп еске алды продюсер.