Танымал қырғызстандық әзілкеш Элдос Алмазов қайтыс болды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:21
- 1
Бұл туралы әзілкештің немере әпкесі оның Telegram арнасында жариялады. Туысының айтуынша, Элдос Алмазов ұзақ уақыт бойы сүйек тінінің қатерлі ісігі – остеосаркомамен күрескен.
Ол бірнеше рет химиотерапия курсынан өтіп, ісікті алып тастау үшін ота жасатқан. Алайда кезекті операция кезінде қайтыс болған.
“Кеше операция кезінде Элдостан айырылып қалдық. Бұл бәріміз үшін, әсіресе оның ата-анасы үшін орны толмас қайғы”, – делінген хабарламада.
Әзілкештің жақындары бұл қазаны ауыр қабылдап жатқанын жеткізді.
Бұған дейін, қазан айында Элдос Алмазов әлеуметтік желідегі оқырмандарына денсаулығының нашарлағанын айтқан еді. Кезекті химиотерапиядан кейін оның көзі ауырып, басы айналып, жүрегі айныған. Тіпті телефон пайдаланудың өзі қиынға соққан. Сол кезде өнер иесі оқырмандарынан денсаулығын қалпына келтіру үшін уақыт беруін сұрап, жағдайы жақсарған соң қайта хабарласуға уәде берген.



