Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанның су қоры - 102,3 текше шақырым, деп хабарлайды KYN.KZ.
Оның 54 пайызы ел аумағында қалыптасады, ал қалған 46 пайызы көршілес елдерден келеді. Экономиканың қажеттіліктері үшін жылдық су тұтыну шамамен 25 текше шақырымға жетіп отыр. Оның 65 пайызы ауыл шаруашылығына, 25 пайызы өнеркәсіп қажеттіліктеріне жұмсалады. Жалпы, түгендеу нәтижелері бойынша елімізде 17 736 өзен және уақытша су ағындары, 4 024 көл, 4 540 жерасты су кен орындары, 13 175 су шаруашылығы құрылымдары бар екені айтылды.
"Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның тапшылығы мәселесін шешу үшін Су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Ол су қоймаларын салу және күрделі жөндеу, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелер мен топтық су құбырларын реконструкциялау бойынша бірқатар шұғыл шараларды қамтиды", - делінген Нұржігітовтің баяндамасында.
Кешенді жоспарды іске асыру су ресурстарын 3,7 текше шақырымға, ал суармалы жер көлемін – 2,2 млн гектарға дейін ұлғайтуға, егіндік суының жыл сайынғы шығынын 3 текше шақырымға азайтып, 55 мыңнан тұрғыны бар 41 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мәселен, 2024-2026 жылдары 9 облыста көлемі 2,4 текше шақырым болатын 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл суармалы жер көлемін 250 мың гектарға ұлғайтуға, 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін азайтуға және Қазақстанның көршілес елдердің су ресурстарына тәуелділігін орта есеппен 25 пайызға төмендетуге ықпал етеді.