Екібастұз, Балқаш, Ақтау, Атырау, Теміртау, Риддер жылыту маусымына дайындалмаған
- kyn.kz
- 12 желтоқсан, 2023
- 847
Өткен демалыс күндері аталған қалаларда жылу құбырлары жарылып, тұрғындары қара суықты сезінді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Жергілікті билік тайлы-тұяғы қалмай жанталасып жағдайды реттеген болып жатыр. Ал синоптиктер алдағы күндері аяз күшейеді деп ескертеді. Екібастұзда жексенбі күні жылу электр орталығында төтенше жағдай болды. Пеште жанған отынның күлін шаюға арналған су құбыры жарылыпты. Соның салдарынан біраз жерді су басып, мамандар екі электроқозғалтқышты ауыстырып қана жүйені қайта іске қосқан. Орталықтағы отынды мазуттан көмірге ауыстырғанша қалаға жылу беру саябырсыған. Қазір орталықта алты қазандық жұмыс істеп тұр.
"Таңға жуық үш қазандықты мазуттан көмір отынына ауыстырдық. Таңғы сағат жетіге таман станция 79 градус беріп тұрды. Екі-үш сағатта үйлерде жылу қалпына келеді",-Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі.
Теміртау қаласындағы ескі қала ауданы демалыс күндері жылуға жарымай қалды. Өткені КарГРЭС 1 жылу орталығында багерлік насос станциясы істен шыққан. Орталықты су басып, пештердегі отынды көмірден мазутқа ауыстыруға тура келіпті. Бүгін жылу қалыпты беріле бастады дейді шенділер.
"Мәселені тұрақтандырдық. Қазір станция жұмыс режиміне шықты. Температура графигі сақталып отыр. Сыртқы ауа райы 25 градус төмен. Осы температураға жалпы жылу тасымалдағыштың жылу көрсеткіші 86 градус керек болса, қазір станция жүйесіне 90 градус жылу тасымалдағышты беріп отыр",-деді Ораз Тәуірбеков, Теміртау қаласының әкімі.
Ал Балқашта өткен сенбі күні қала ортасында жылу құбыры жарылды. Соның салдарынан алты көшедегі 40 көпқабатты үй қара суықта қалды. Түні бойы жөндеу жүріп, таңғы бес шамасында жылу жүйелері іске қосылды. Ал Ақтауда орталық құбыр жарылып, бірнеше шағын аудан жылу мен ыстық судан қағылды. «Каспий жылу, су арнасы» мекемесінің 20 қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылып, ақауды реттеді. Қазір бірнеше шағын аудан жылумен қамтылды. Мамандардың айтуынша, ақау шыққан магистраль құбырдың әбден тозығы жеткен.
"Құбыр 1979 жылы салынған. Тозығы жеткен соң ауыстырылған болатын. Жалпы 9 метрдей ауыстырылды. Жазғы мезгілде бұл магистраль құбырларға тығындалған. Жазда 9 блокты-модуль қазандықтар орнатылды. Оған қосымша 90 гегакалорий қосымша берілді. Сонымен қатар қысым көтеретін станция орнатылды",-деді Ұлықбек Тінәлиев, Ақтау қаласының әкімі.
Былтыр коммуналдық апатты бастан өткізген Риддердің биыл да аты аталып жатыр. Онда қысқа тұйықталудан жарық сөніп, орталықтағы қазандық істен шығыпты. Онда да отынды көмірден мазутқа ауыстырып жүріп жағдай түзелді дейді шенеуніктер. Жылумен қамтудағы проблемалар Ақмола облысында да болды. Кешелі бер Көкшетау мен Степногорск қалаларында мамандар жылу жүйелерінде әр жерден бір шыққан ақаумен алысып жүр.