Қоғам
Жанар-жағармай жеткізетін ірі кәсіпорын 500 млн теңге айыппұл төледі
- kyn.kz
- 12 желтоқсан, 2023
- 402
ЖШС жекелеген субъектілерге бензин мен дизель отынын сатуды негізсіз шектеген
Алматы қаласының прокуратурасы "Petrosun" ЖШС қызметінен үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтады, деп хабарлайды KYN.KZ.
Тексеріс барысында кәсіпорын монополиялық жағдайын теріс пайдаланып, жекелеген субъектілерге бензин мен дизель отынын сатуды негізсіз шектегені анықталды. Ал бұл Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 159-бабына қайшы келеді.
"Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бәсекелестік саласындағы уәкілетті орган жеткізушіге қатысты кірістің 5% мөлшерінде айыппұл сала отырып, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды", - деп хабарлайды қалалық прокуратура.
Сот қаулысымен ЖШС әкімшілік жауапқа тартылды.
Апелляция сот шешімін өзгеріссіз қалдырғаннан кейін, мемлекеттік бюджетке 542,9 млн теңге айыппұл төленді.