Қазақ тілін менсінбейтін Су спорты федерациясы конференцияға тек тізімдегі журналистерді кіргізді (видео)
- автор kyn.kz
- 14 желтоқсан, 2023
- 2.0k
Алматыда өткен Су спорты түрлері федерациясының конференциясына "тек таңдаулы" журналистер қатыстырылғандай. Өйткені соңғы кездерде "бөлінген қомақты қаржыға сай нәтиже жоқ" деген сынды федерация президентіне Тоқаевтан бастап министр, қарапайым спорт сүйер қауым жиі әрі өткір айтып жүр. Көпшілік көкейіндегі сұрақтарды ҚР Су спорты түрлері федерациясының президенті Андрей Крюковтың өзіне тікелей қоюға барған журналист, шарадан қуылды.
Ұйымдастырушылар және Федерация өкілдері есіктен кірген әр тілшінің өздері жасаған тізімде бар жоғын тексеріп барып кіргізді, деп жазды Uaqyt.info.
Конференция Алматыдағы қымбат қонақүйлердің бірінде ұйымдастырылған. Ондағылар конференция жабық режимде өтетінін, ішке тек тізімде барлар ғана кіретінін жеткізді.
“Бізде тек тізім бойынша кіргізіледі. Конференция жабық. Шақырту бойынша ғана”, - деді өзін Талғат деп таныстырған федерация өкілі.
Конференцияға барудағы мақсатымыз – федерацияның алдағы жоспары мен өткен жұмысы туралы ақпарат беру еді. Сондай-ақ Су спорты түрлері федерациясының президенті Андрей Крюковқа бірнеше сұрақ қойғымыз келген. Бірақ ресми сайтын тек орыс тілінде жүргізетін федерация басшылығымен жолығудың сәті түспеді. Өзін федерация есепшісімін деген азамат, тілшіге дәлізде шай ішіп жүруді ұсынған. Бірақ пікір алмасып, сұрақ қою залына кіруге қатаң тыйым салып, күзетпен қарсылық білдірді. Тіпті телефонға видео түсірілімді доғаруды бұйырған.
Дәл осы ҚР Су спорты түрлері федерациясы президентіне сұрақ көп. Басты сұрақ, не себепті Федерация сайты тек орыс тілінде жүргізіледі? Бұл қазақ тіліне деген құрметсіздік әрі қазақ тілді спорт жанкүйерлерінің құқығын шектеу емес пе?
Бұдан бөлек, нәтижесі сын көтермейтін Су спорты түрлері федерациясының алдағы жарыстарға дайындығы мен жақсы нәтижелерге деген жоспарын білу басты мақсат болған еді.