Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Астанада дарынды балаларды қолдау табысты жүргізілуде

Астанада дарынды балаларды қолдау табысты жүргізілуде
Мақсат – қабілетті балалардың әлеуетін барынша ашу

Оқушылардың қалыптасуы, жетілуі үшін қажетті жобалар мен бағдарламалар әзірленіп, жүзеге асырылуда, деп хабарлайды KYN.KZ.

Осы бағытта жаңа нысандар мен әдістер енгізіліп, білім беру мекемелері мен басқа құрылымдардың ынтымақтастығы мен өзара байланысы қалыптасқан.
Өз кезегінде бұл оқушылардың оқу жетістіктерінің оң динамикасын, түрлі зияткерлік-шығармашылық іс-шараларға қатысушылар санының өсуін қамтамасыз етіп отыр. Түрлі конкурстар мен олимпиадаларға қатысқан оқушылардың үлесі, қатысудың нәтижелілігі артты. 
Атап айтсақ, мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларына арналған «Жұлдызды жол» олимпиадасы, «Елорда Еркетайы» шығармашылық байқауы, «Бестемше» спорттық іс-шарасы, 2-7 сынып оқушыларына арналған қалалық ғылыми жұмыстар мен шығармашылық жобалар байқауы, 2-4 сынып оқушылары арасындағы Республикалық пәндік олимпиада және т.б.
Орта буын оқушылары үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша жасөспірімдер олимпиадасы, 5-6 сыныптар үшін республикалық пәндік олимпиада, 7-8 сынып оқушылары үшін географиядан Ұлттық олимпиада және химия және биология бойынша жасөспірімдер олимпиадасы өткізіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Аталған зияткерлік сайыстардың барлығы – республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуға жетелейтін қадамдар.
Жоғары сынып оқушылары үшін республикалық деңгейдегі президенттік және лингвистикалық олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар байқауы, қалалық және республикалық «Абай оқулары», «Ақселеу оқулары», «Қадыр оқулары», «Мағжан оқулары», интеллектуалдық және шығармашылық байқаулар: «Абай әлемі», «Менің кіші Отаным», «Менің бастамам – менің Отаным үшін», халықаралық STEM олимпиадасы, «Robotek Grand Tournament» республикалық робототехника турнирі, робототехникадан ғылыми-техникалық жобалар байқаулары өткізіледі.
Жыл сайын  олимпиада қозғалысының сапасы артып, қатысушылар қатары көбейіп келеді. Тек 2023 жылдың өзінде Астана олимпиадашылары 522 медаль иеленді, оның 257-сі республикалық, 265-і халықаралық. Астана құрамасы жыл сайын «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алады.
Зияткерлік олимпиадаларға сапалы дайындалу және сәтті өнер көрсету үшін «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы каникул күндері оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. 
Пәндік олимпиадаларға қатысу мектеп оқушыларына олардың тұлғалық өсуі мен дамуына мол мүмкіндіктер береді. Бұл – жаңа білімді меңгеру, әрі қарай мамандық таңдауға деген қабілеттері мен қызығушылығын анықтау, емтиханға дайындалу, өз бетінше іздену, ой-өрісін дамыту.
Мектеп түлектеріне мамандық таңдауға және олардың талаптары мен қажеттіліктеріне сәйкес келетін оқу орнын таңдауға көмектесу үшін Орталықта «Qabilet» кәсіптік бағдар беру қызметі жұмыс істейді.
Аталған қызметтің негізгі мақсаты – 7-11 сынып оқушыларының зияткерлік қабілеттері мен кәсіби өзін-өзі тану, оның психологиясын, дағдысын, білімін, дарындылығын ескере отырып, оқушының кез келген мамандыққа бейімділігін анықтауға бағытталған.
«Qabilet» қызметі оқушылардың зияткерлік қабілеттерін анықтау үшін диагностика жүргізіп, кәсіби кеңес береді.
Дарынды балаларды қолдау және ынталандыру мақсатында қала әкімі жыл сайын елорданың дарынды оқушылары – халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездеседі. Оқушылар Астана қаласы әкімінің атынан алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен  марапатталады.
Астанадағы білім беру саласының жүйелі және жемісті жұмысының арқасында елордалық мектеп оқушыларының есімдері халықаралық интеллектуалдық ареналарда жиі естіліп жүр.
Халықаралық рейтингтік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері (IMO, ICho, IPho, IGeo, IOI, IOL) қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру гранттарын иеленсе, сонымен қатар беделді шетел университеттеріне 100% жеңілдікпен оқуға шақырту алады.


Мемлекеттің жан-жақты қолдауы және Қазақстан оқушыларының тамаша жетістіктерінің арқасында 2024 жылы шілде айында Астанада  тарихымызда алғаш рет әлемдегі ең беделді олимпиадалардың бірі – биология пәнінен халықаралық олимпиада (ІВО) өтеді. 
Кең инновациялық бағыт, бүгінде жүзеге асырылып жатқан қызықты жобалар елордалық білім беруді жоғары деңгейге көтеріп, уақыт көшіне нық қадам басып, болашаққа батыл қарауға мүмкіндік беріп отыр.

Ұқсас жаңалықтар