Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі 2024 жылы 43 407 теңге болып бекітіледі, деп хабарлайды KYN.KZ.
Айта кетері, Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төменгі жалақыдан кем емес деңгейде төлеуге міндетті.
Сондай-ақ жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгені құрайды.Биыл 1 АЕК мөлшері 3 450 теңге болды.
Айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылады. Яғни, АЕК өссе,
Жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы мөлшері ұлғаяды.
Жасы бойынша және еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдері 9%-ке өседі. Ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 7 процентке көтеріледі.
Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері 57 853 теңгені құрайды.
2024 жылы бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ төлемдерін есептемегенде) 130 414 теңгені құрайды. Биыл оның мөлшері 120 838 теңге болды.
Қазір елімізде шамамен 2,3 миллионнан астам зейнеткер бар. Қолданыстағы заңға сәйкес, Қазақстанда ерлер 63 жасында, ал әйелдер 2028 жылға дейін 61 жасында зейнетке шығады.
Жәрдемақы
1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де ұлғаяды.
1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін;
4 және одан көп бала туғанда берілетін жәрдемақы 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін өседі.
Бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы:
4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін,
10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін өседі.
Мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы:
I топ – 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін;
II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін;
III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін көтеріледі.
Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7%-ке ұлғайтылады.
Шахтерлер арнайы әлеуметтік төлем алады
2024 жылы зиянды еңбек жағдайында істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады. Арнайы төлемнің орташа сомасы 200 мың теңгеден асады.
Арнайы әлеуметтік төлем 55 жасқа толған және кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген, сондай-ақ зиянды жұмыстағы қызметін тоқтатқан жұмысшыларға беріледі.
Келесі жылы зиянды өндірісте істейтін 37 мың қазақстандық арнайы төлем алуға құқылы. Төлем зейнет жасына дейін, яғни 63 жасқа дейін төленеді.
Арнайы төлем алатын жұмысшылар ауыр жұмыстан жеңіл жұмысқа ауысуы шарт немесе өз қалауымен жұмыстан мүлде шыға алады.
Әлеуметтік төлем бірнеше көзден төленеді:
бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем;
сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі;
БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі.
Айта кетері, ауыр және зиянды өндірісте істейтін жұмысшылар қатарына шахтерлер, металлургтер, кеншілер және тағы басқалары кіреді.
Жеткіліктілік шегі өзгеріссіз қалды
Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі 2024 жылы өзгермейді. 2023 жылғы деңгейде сақталады.
Жеткіліктілік шегі жас ерекшеліктеріне қарай 3 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін болады.
Зейнетақы жинағын жұмсау үшін шоттағы ақша "жеткіліктілік" шегінен асуға тиіс. Қазақстандықтар зейнет жинағының артылған бөлігін баспана алуға, ипотеканы өтеуге және емделуге жұмсай алады.
Жеткіліктілік шегі ерлер мен әйелдер үшін бірдей.
Бұл ретте зейнетақы жинағының бір бөлігін бір емес, бірнеше рет алу құқығы беріледі.
"Ұлттық қор – балаларға" жобасы
Келесі жылы Қазақстанда "Ұлттық қор – балаларға" жобасы басталады.
1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-і кәмелетке толмаған балалардың арнайы жинақтау шотына аударылады. Алғашқы төлемдер ақпан айында түсе бастайды. Жиналған қаражатты 18 жасқа толған соң ғана алуға рұқсат етіледі.
Он сегіз жыл ішінде баланың шотында 3-4 мың доллар ақша жиналады деп күтілуде.