Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Ауыр зардапқа әкелуі мүмкін": Смайылов ата-аналарға үндеу тастады

"Ауыр зардапқа әкелуі мүмкін": Смайылов ата-аналарға үндеу тастады
ашық дереккөзі
Премьер әкімдіктерге денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстарын күшейтуді тапсырды

Премьер-министр Әлихан Смайылов ата-аналарды балаларына қызылшаға қарсы вакцина салдыруға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Премьер былтырдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кеткенін айтты. Ол соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жеткен. Инфекция жұқтырғандардың 80%-ке жуығы – 14 жасқа толмаған балалар.

"Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар. Екпе алмаған науқастардың ауруы асқынып кету қаупі жоғары. Мұндай жағдайлар қазірдің өзінде тіркеліп отыр. Өкінішке қарай, ата-аналардың арасында балаларына екпені әдейі салғызбай, бас тартып отырғандардың қатары аз емес. Мұның соңы ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін. Сондықтан жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы – екпе салу", - деді Смайылов үкімет отырысында.

Айтуынша, қызылшаға қарсы жаппай вакциналау үшін қосымша 1,5 млн доза вакцина сатып алынды. Осы мақсатқа үкімет былтыр резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.

"Алайда, көріп отырғанымыздай, кейбір өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизациямен қамту деңгейі әлі де төмен", - дейді үкімет басшысы.

Осыған байланысты Смайылов әкімдіктерге денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ басқа да профилактикалық екпелермен вакциналауды жандандыруды тапсырды.

Жол қатынасы қиын және шалғайдағы ауыл тұрғындарын вакциналау үшін жағдай жасау керек екенін атап өтті.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар