Алматыдағы жер сілкінісі туралы жалған ақпарат таратқандар айыппұл арқалады
- автор kyn.kz
- 26 қаңтар, 2024
- 466
Алматы прокурорлары жер сілкінісі туралы жалған ақпарат үшін жауапқа тартудың алғашқы фактілері туралы хабарлады. Бұл туралы KYN.KZ Бас прокуратураға сілтеме жасап хабарлады.
Жер сілкінісінен кейін әртүрлі әлеуметтік желілер және мессенджер чаттарында табиғи апаттың салдары туралы көрінеу жалған хабарлама тарату фактілері тіркелді. Бұл өз кезегінде азаматтарды дүрбелеңге салып, кең қоғамдық резонанс тудырды.
"Мұндай әрекеттерді жасау фактілері бойынша қазіргі уақытта 1995 және 2006 ж.т. екі әйелдің жеке басы анықталды.
Аталған тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігі (онлайн-платформаларды пайдаланушылардың қоғамдық тәртіптің, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуына жағдай жасайтын жалған ақпаратты орналастыруы, таратуы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса) бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жаза қолданумен әкімшілік жауаптылыққа тартылды", - делінген хабарламада.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.