Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Жетісу облысында күйеуінің мойнына пышақ сұғып өлтірген әйел сот залынан босатылды

Жетісу облысында күйеуінің мойнына пышақ сұғып өлтірген әйел сот залынан босатылды
Сурет: krichevlive.by
Жетісу облысы Текелі қаласында күйеуін өлтірді деп айыпталған 41 жастағы Лидия Шлегельге қатысты үкім шықты.

Сот қылмыстық істі қайта саралап, күшіне енген амнистияға сәйкес әйелді сот залында босатты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Тергеу материалдарына сәйкес биыл 10 маусымда ерлі-зайыпты қонаққа барған, сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан. Ер адам әйелін ұрып-соғып, орындықты ұстаған. Бұған жауап ретінде әйел оның мойын тұсына ас үй пышағын сұғып алған. Ер адам алған жарақатынан жедел жәрдем келгенше көз жұмды. Оқиға орнына келген полицейлер әйелді ұстап, қамауға алды. Бұл оқиғаға қатысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге әкеп соғу" бабы бойынша тергеу басталды.

Бұл оқиға бірден қоғам назарын аударып, күдіктінің іс-әрекетін саралауға қатысты жұртшылық пікірі екіге жарылды. Іс бірнеше рет қайта сараланып, тамыздың басында Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша сотқа жолданды. Прокуратура айыпталушыға 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Сот процесі барысында қорғаушы тарап көп жыл бойы озбыр күйеуінен соққы көріп келген әйел өзін қорғамақ болғанын алға тартты.

Адвокат Талғат Жанболатовтың пікірінше, оның іс-әрекетінде ҚК-нің 112-бабында "Қажет қорғаныс шегiнен шығу кезiнде денсаулыққа ауыр зиян келтiру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу" деп көрсетілген өз-өзін қорғау шегінен шығу белгілері ғана бар.

Ерлі-зайыпты төрт бала тәрбиелеп отырған. Олар әзірге өңірдегі балалар үйлерінің бірінде қала береді.

Айыпталушы бұған дейін жауапқа тартылмаған. Іс материалдарына сүйенсек, оның күйеуі кейінгі үш жылда отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар үшін төрт рет жауапқа тартылған. Екі жағдайда оған әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалған. Сот отырыстары кезінде кейбір куәгерлер, соның ішінде отбасының таныстары мен көршілері ерлі-зайыпты арасындағы жанжалдар, өздеріне мәлім тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары туралы айтып берді.

"Сот айыпты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігінен 112-бабы 2-бөлігіне ("Қажет қорғаныс шегiнен шығу кезiнде денсаулыққа ауыр зиян келтiру") қайта саралады. Бүгін қорғауымдағы азаматқа бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда қамауда болған уақыты есепке алынып және жаңа Конституция қабылдануына байланысты рақымшылық туралы заң қолданылды. Лидия сот залынан босатылды", – деді адвокат Талғат Жанболатов.

Облыстық сот айыптау бабы қайта сараланғаны туралы ақпаратты растады.

"Сот отырыста зерттелген дәлелдердің жиынтығын бағалай келе, оның әрекетін Қылмыстық кодекстің 112-бабы 2-бөлігіне ("Қажет қорғаныс шегiнен шығу кезiнде денсаулыққа ауыр зиян келтiру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу") қайта саралады. Сот Ш.-ны кінәлі деп танып, ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда 2026 жылғы 1 шілдедегі "ҚР жаңа Конституциясы қабылдануына байланысты амнистия туралы" заң негізінде сотталушы қылмыстық жауапкерішілктен босатылды", – деп жазылған Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан ресми хабарламада.

Үкім жарияланғаннан кейін адвокат Талғат Жанболатов сотталған әйелдің балалары қорғаншылық органдарымен арадағы мәселе сот тәртібімен келісілген соң анасына қайтарылатынын да айтты.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар