Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қарағанды облысындағы Ақшатау кентінде оқушылар радиация ошағында білім алуға мәжбүр

Қарағанды облысындағы Ақшатау кентінде оқушылар радиация ошағында білім алуға мәжбүр
24.kz
Мамандар ескі шахтадан тараған радон білім ошағының жертөлесіне, ауылға жайылып тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін.

Мамандардың сөзінше, Ақшатаудағы үйлер мен әлеуметтік нысандарда радиоактивті заттың мөлшері қалыпты жағдайдан 2-3 есе көп. Ал мұның соңы қатерлі ісік пен басқа да аурулардың көбеюіне әкеліп соғуы мүмкін, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Бұрын 10 мыңдай тұрғыны болған Ақшатауда казір мыңға жуық адам қалды. Мектепте 90-нан астам оқушы бар. Мамандар радиация мөлшері жоғары болғандықтан оқу ордасының бірінші қабатында сабақ өткізбеуді ұсынған. Сол себепті біраз кабинет жабық. Әсіресе қыста есік-терезе мен желдеткіштер жабылғанда улы газдың мөлшері тым көбейіп кетеді. 


"Былтырдан бері бізде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соның негізінде бізде үлкен ремонт жұмысы өткізіледі. Балалардың толық қауіпсіздігі сақталуда", -деді Ш.Уәлиханов атындағы мектеп директоры Гүлнәр Әжікеева. 
Мамандар білім ошағы ғимаратына 50 жерден арнайы өлшеу құралдарын қойып, радиация мөлшерін нақтылаған. Соның негізінде мектепке желдеткіштер орнатуға, күрделі жөндеу жұмыстарын істеуге сметалық құжат әзірленді. 


Сондықтан мамандар қазір бұрынғы жүйені қалыпқа келтіріп, заманауи желдеткіш орнату керек екенін айтып отыр. 
"Радонның мөлшері кабинеттерде, асханада, спорт залында, жертөледе, дәліздерде қанша екені толық зерттеліп, сараптама қорытындысын берді. Сараптама жасалған сметалық құжаты бар. Бұл 560 миллион теңгеге шығып тұр. Биыл 2024 жылы соның 60 миллионы бөлінді. Сол қаражатпен алғашқы жұмысты бастағалы отырмыз", - дейді Шет ауданы білім бөлімінің басшысы Елдос Смағұл. 


Телеарна тілшілерінің мәліметінше, Ақшатауда 60 жыл бойы вольфрам мен молибден өндіріліп жабылып қалған. 2012 жылы шахтаға жақын орналасқан 18 үй басқа ауылдарға көшірілді.  Себебі жерасты тиктоникалық жарықтарынан ауаға радон тараған. Ал бұл - өте радиоактивті элемент. Мамандардың  айтуынша үйлер мен ғимараттарда оның мөлшері 200 беккерельден, ал далада 100 беккерельден аспауы тиіс. Бірақ жүргізілген өлшемдер зиянды заттың 2-3 есе көп екенін көрсеткен.


"Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жергілікті бөлім мамандары ол жерді назарда ұстауда. Әр тоқсан сайын морниторинг жүргізіліп тұрады. Мектепте сабақтарды өткізуге, оқуға рұқсат берілген. Себебі 2-і қабатта радон мөлшері шамадан тыс емес, нормаға сәйкес", - дейді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі Айгүл Шәтекова.  

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар