Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ердос Қанаев он-ақ жыл өмір сүрген тұңғышы жайлы айтып, көзіне жас алды

Ердос Қанаев он-ақ жыл өмір сүрген тұңғышы жайлы айтып, көзіне жас алды
ашық дереккөзі
Әнші: мұндай сынақты дұшпаныңа да тілемейді екенсің

"Жігіттер" тобының әншісі Ердос Қанаев алғаш рет тұңғыш ұлын есіне алып, "Urpaq" подкастында көпшілікке  жан сырын ақтарды. Ол ұлының туғаннан жансақтау бөлімінде жатып ауыр дертпен 10 жыл бойы күрескенін айтты. Тіпті әншінің жары ұлының өмірін сақтап қалу жолында 2 күн үйінде, 2 ай ауруханада жатқан кездері жиі болыпты, деп жазды KYN.KZ  тілшісі.

"2010 жылы 26 жасымда әке атандым. Ол кезде әкелік жауапкершілікті қатты түсіне қойған жоқпын. Тек әке болғаным үшін мақтаныш болды. "Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің" деген рас дүние екен. Алғаш әке атанған кезде қатты қуандым. Қуанышым қойныма сыймай, бәрінен сүйінші сұрап кеттім. Бірақ тұңғышым бізге сынақпен келді. Есімін Абдурахим деп қойған болатынбыз.

Сол баламыз 2020 жылы қайтты. 10 жыл ғана өмір сүрді. Ол бірден дүниеге сынақпен келді. Туылғандағы қуанышымыз бәрі сол сәтте су сепкендей болды. Перзентханаға келгенде ұлымды жансақтау бөліміне алып кетіпті. Екі ай вакуумде демалып жатты. Диагнозбен туғанын сол кезде бір-ақ білдік. Содан бастап сынақ күндер басталды. Бұндай сынақты мен жауыма да тілемес едім.

Ұйқысыз түндер. Өнер адамы болғаннан кейін сыртта көп жүрдім. Анасы ғана жанында болды. Оған өте қиын болды. 10 жыл бойы аурухана мен үйдің арасында жүрдік. Апармаған жеріміз жоқ. Ауыр диагноз болғандықтан жансақтау бөліміне көп түсіп қалатын. Тіпті екі күн үйде, екі ай ауруханада жатты. Анасы жанында, мен сыртта көлікте күтіп отыратын едім. Әр сынақтың артында бір жақсылық бар дейді ғой. Сол баламыздан кейін Алла екі ұл мен екі қыз берді", - деп ағынан жарылды Ердос Қанаев. 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар