Атырауда интернет арқылы тыйым салынған діни материалдарды таратқан азамат 5 жылға сотталды
- автор kyn.kz
- 1 ақпан, 2024
- 454
Атырау облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 2023 жылы маусым айында облыс аумағында 2022 жылдан бері интернет ресурстарында терроризмді насхиаттап, дәстүрлі емес дінді уағыздаған 39 жастағы азаматты анықтады, деп хабарлайды Атырау облыстық ПД-ға сілтеме жасаған KYN.KZ.
"Сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде күдіктінің ВКонтакте әлеуметтік желісінде діни-экстремизмді материалдарды ашық жариялап, тыйым салынған діни уағыздағы аудиоларды тыңдап, таратқаны анықталды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы аумағында интернет-ресурстарында жариялауға, басып шығаруға және таратуға тыйым салынған діни экстремистік баспа материалдарын әлеуметтік желілер арқылы таратқаны дәлелденді", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2014 жылы Қызылорда қалалық сотының және 2018 жылы Жетісай аудандық сотының шешімімен жоғарыда аталған баспа материалдар ҚР аумағында таратуға тыйым салынған.
Аталған деректер бойынша 39 жастағы азамат өз кінәсін толықтай мойындаған. Қазіргі таңда 39 жастағы облыс тұрғынына қатысты ҚР ҚК 256-бабының 2-бөлігі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот шешімі шығарылды.