Басты жаңалықтар
Қазақстандықтар Астананың 20 жылдық мерейтойын атап өтуде
- автор kyn.kz
- 6 шілде, 2018
- 333
Қазақстандағы барлық облыс Астанаға өз тартуын жасады
20 жыл, 240 ай немесе 7300 күн... Адамзат тарихы үшін қас-қағым сәт десек те, Астана үшін осы 20 жылдық уақыт - жасампаздықтың тарихына айналғаны шындық.
Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімді 1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі қабылдаған болатын. 1997 жылы 10 желтоқсанда ҚР астанасы Алматы қаласынан Ақмола қаласына ресми түрде ауыстырылды.
ҚР президентінің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмола атауының Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өткен еді. Мемлекеттік деңгейде Астана күні 2009 жылдан бері аталып өтіп келеді. Астананың 20 жылдығы дегенде, «бұл тойдың бұрынғыдан өзгерек» болары айқын.
Себебі, елорданың 20 жылдығына арнап Қазақстанның барлық өңірлері өзінің сыйын тарту етіп жатыр. Атап айтқанда, елорданың тойына арнап, Атырау облысы Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған жаңа көпірді сыйға тартса, Шығыс Қазақстан өңірі елордадағы ең үлкен фонтанды салып берді.
Сол секілді Алматы облысы Жетісу саябағын тарту етті. «Шахтерлар қаласы» да сый-құрметтен кенде емес: қарағандылықтардың атынан елордаға «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс!» деп аталған монумент орнатылды.
Бір сөзбен, Қазақстанның қай облысы болмасын, басты ордасына барын сыйлап, құрметін көрсетуде. Бүгін елорданың елеулі датасына орай бүкіл Қазақстан жұртшылығы мерейлі мерекені кеңінен атап өтеді.
Десе де, Астананың өзінің салтанаты мен думаны ерекше болмақ. Атап айтқанда, түстен кейін қала шетіндегі «Қазанат» атшабарында дүбірлі бәйге ұйымдастырылса, кешқұрым қалада отандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен ұмытылмас концерттік кеш өткізіледі.
Келесі мақала