Жетісу облысында әкімдік орнатылмаған дәретханаларға 29 млн теңгеден астам қаржы бөлген
- автор kyn.kz
- 5 ақпан, 2024
- 1.0k
Жетісу облысында бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталды. Аудандардың бірінде орнатылмаған санитарлық-гигиеналық тораптар үшін 29 миллион теңгеден астам ақша төленген. Бұл туралы облыстық прокуратураға сілтеме жасаған KYN.KZ тілшісі.
Қадағалаушы органның ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, Сарқан ауданының әкімдігі туристік орындардағы орнатылмаған санитарлық-гигиеналық тораптар үшін 29 миллион теңгеден астам ақша төлеген.
Ал Жетісу облысы Кербұлақ ауданында білім бөлімінің есепшілері мұғалімдерге, сондай-ақ осы мекемеде мүлде жұмыс істемейтін тұлғаларға жоғарылатылған жалақы мен демалыс ақысын заңсыз төлеу арқылы 34 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Осы фактілер бойынша Жетісу облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (ерекше ірі көлемдегі жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Айта кетейік, Алматыда орта мектеп директоры және бухгалтерлеріне 240 млн теңгеден астам ақша жымқырды деген айып тағылғанын жазған едік. Антикор таратқан ақпарат бойынша, сот директор мен бухгалтерлердің бірін 7 жыл 6 айға, екінші бухгалтерді 7 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды. Сондай-ақ сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.