Тексеру кезінде пәктігі расталмаған қыздардың тізімін полицияға жібереді, деп хабарлайды KYN.KZ Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Түркіменстанның Балқан өңіріндегі жоғары сыныпта оқитын қыздарды пәктігін анықтайтын тексеруден өтуге міндеттеген. Билік өкілдері бұл жасөспірім қыздардың моральдық ұстанымдарын анықтауға көмектеседі дейді.
Азаттық тілшісімен сөйлескен ата-аналар мен оқушылардың айтуынша, билік өкілдері оқушыларды гинекологтың тексеруіне жіберу үшін жасөспірімдер мен ата-аналардың рұқсатын алмаған.
Білім саласы қызметкерінің сөзінше, тексеру нәтижесінде пәктігі расталмаған қыздардың тізімі полиция мен қауіпсіздік қызметіне жіберіледі.
—Түркіменбашы, Балқанабад қалаларында 9-11 сынып оқушыларын гинекологтың тексеруінен өтуге мәжбүрлеп жатыр. Тексеріс кезінде жыныстық қатынасқа түскені анықталған қыздардың тізімі жергілікті полиция басқармасы мен ұлттық қауіпсіздік министрлігіне жіберіледі, — дейді анонимді түрде сұхбат берген білім қызметкері.
Білім саласындағы басқа қызметкерлердің айтуынша, полиция тізімге ілінген қыздардың телефонын тексеріп, олардың кіммен жыныстық қатынасқа түскенін анықтауға тырысады.
— Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұл шара кәмелетке толмаған балалармен жыныстық қатынасқа түскен адамдарды жауапқа тарту үшін жүріп жатқанын айтты. Қазір өңірде ауқымды тексеріс өтіп жатыр, — дейді облыстық білім саласының қызметкері
Түркіменстанда билік сыншылары қудалауға ұшырайтынын ескеріп, білім саласының қызметкерлері аты-жөнін көрсетпеуді сұрады.
Азаттық Балқан уәлаятының шенеуніктерінен пікір алмақ болды, бірақ билік өкілдері редакция сұрақтарына жауап берген жоқ.
Үкімет гинекологиялық тексеріс мақсатын ашып түсіндірмеді. Бірақ Балқанабадта жұмыс істейтін білім қызметкері бұл тексерісті кейінгі айларда облыста жасөспірімдер арасында жүктілік көбейді деген дерекпен байланыстырады.
— Бір ғана Балқанабадтың өзінде 6 жүктілік тіркелді. Бұл ақпарат білім министрлігінің құлағына жетті. Министрлік Балқан облысының білім басқармасына сөгіс жариялады. Осыдан кейін өңір билігі ірі қалаларда гинекологиялық тексеріс бастады, — дейді ол.
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандықтар енді дәрігердің қатесі үшін төлем ала алады
- авторТомирис Тоныкөк
- 4 қараша, 2024
Алматыда қолдан жасалған шарап ішкен ер адам уланып қалды
- авторТомирис Тоныкөк
- 31 қазан, 2024