Ауа райы қолайсыздығына байланысты Қазақстанның жеті облысында жол жабылды
- автор kyn.kz
- 22 ақпан, 2024
- 570
Қазақстанның жеті облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты көлік қозғалысына шектеулер енгізілді, деп хабарлайды "ҚазАвтоЖол"-дың Telegram-арнасы.
22 ақпанда сағат 6:00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты жеті облыста республикалық маңызы бар 28 тасжолдың көлік қозғалысына шектеулер енгізілді: Абай облысы – жалпы ұзындығы 1841 км 6 автомобиль жолы. Ақмола облысында жалпы ұзындығы 41 км бір автомобиль жолы.
Шығыс Қазақстан облысы – жалпы ұзындығы 1238 км 7 автомобиль жолы. Қарағанды облысы – жалпы ұзындығы 265 км 3 автомобиль жолы. Қостанай облысында жалпы ұзындығы 83 км бір автомобиль жолы. Павлодар облысы – жалпы ұзындығы 1624 км 9 автомобиль жолы. Ұлытау облысында жалпы ұзындығы 115 км құрайтын бір жол жабылды. "Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бүкіл желісі бойынша шектеу 5 207 шақырымға, яғни бүкіл желінің 20,83 пайызына қатысты. Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына 223 бірлік техника мен 233 адам жұмылдырылды", - деп хабарлады ҚазАвтоЖол.
Айта кетейік, 21 ақпан күні кешке ауа райының қолайсыздығынан Қазақстанда 20-ға жуық жол жабылған болатын. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін синоптиктер қазақстандықтарға елімізде аяз әлі де сақталатынын ескерткен еді. 22-24 ақпан аралығында Қазақстанның басым бөлігінде солтүстіктің салқын ағындары әсер еткен ауқымды антициклон аязды, желсіз ауа райын сақтайды. Ал Абай ауданындағы "Семей орманы" аумағында ақпанның 20-нан 21-не қараған түні соңғы 20 жылдағы ең төменгі температура тіркелді - термометр -55 градусты көрсетті. Автор: Гүлзат Қазанғапова.