Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Аса ірі көлемде қаражат жымқыру және ұрланған ақшаны шығару – «Нұр Отанның» экс-идеологы кінәлі деп танылды

Аса ірі көлемде қаражат жымқыру және ұрланған ақшаны шығару – «Нұр Отанның» экс-идеологы кінәлі деп танылды
KYN.KZ
Алматыда қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты сот үкімі шықты. 27 қарашада Алмалы аудандық соты оны 10 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Kyn.kz.

Сот шешіміне сәйкес, Боқаев жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сонымен қатар оған 10 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, журналистика, блогерлік және қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Санжар Боқаевқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша айып тағылған болатын.

Сот оған аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін 8 жыл, ұрлық ұйымдастырғаны үшін 4 жыл, ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырғаны үшін 4 жыл, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жыл жаза тағайындады. Ал қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру бабы бойынша жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Жазаларды ішінара қосу арқылы сот түпкілікті 10 жыл мерзім белгіледі.

Боқаевтың жиені мен бұрынғы мобилографына да үкім шықты

Осы іс бойынша сот алдында жауап берген Боқаевтың жиені Мадияр Қалменов 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Ал бұрынғы мобилографы Ұлан Нүсіпқожаның бас бостандығы 2 жыл 6 айға шектелді. Сондай-ақ оған бес жыл бойы журналистік, блогерлік және қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынып, пробациялық бақылау белгіленді.

Сот Боқаев пен Қалменовтен «ҚазТрансГаз» қызметкерлерінің кәсіподағы пайдасына 42 177 137 теңге өндіру туралы шешім шығарды.

Санжар Боқаевқа қандай айыптар тағылды?

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2018 жылы халықаралық автошеру ұйымдастыруға бөлінген қаражаттың 42 миллион теңгеден астамы жымқырылған. Қаражаттың бір бөлігі Астанада жиһаз өндірісін ұйымдастыруға жұмсалған.

Бұдан бөлек, сотта 2025 жылдың қыркүйегінде Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан құны 1,3 миллион теңге болатын 12 гранит тақтаның ұрлануына қатысты іс қаралды.

Сондай-ақ 2025 жылдың қазанында Баум тоғайындағы 16 ағашты заңсыз кесу және зақымдау дерегі зерттелді. Сот мәліметінше, Боқаев пен Нүсіпқожа аталған әрекеттерді ұйымдастырып, кейін оқиға орнында бейнежазба түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған.

Алматыдағы жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеу мен «Атакент» көрме кешенінің аумағын жаңғыртуға бөлінген бюджет қаражатына қатысты жарияланған видеолар да қылмыстық іс аясында қаралды. Сот бейнежазбалардағы бірқатар мәліметті шындыққа сәйкес келмейді деп таныды.

Боқаев өз кінәсін мойындамады

26 қарашада өткен сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Санжар Боқаевты 12 жылға, Мадияр Қалменовті 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Боқаев пен Қалменов өздеріне тағылған айыптарды мойындамады. Адвокаттары ақтау үкімін шығаруды талап етті. Ал Ұлан Нүсіпқожа кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетінін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Еске салайық, Санжар Боқаев 2026 жылдың 18 наурызында Алматыда ұсталған болатын. Оған қатысты сот процесі 16 қазанда басталып, бір айдан астам уақытқа созылды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар