Бауыр еті баласына психо-сөйлеу дамуының кешігуі (ПСДК) диагнозы қойылған отандық әнші Дильназ Ахмадиева алғаш рет жан жарасымен бөлісті.
Танымал өнер иесі ұлының ауытқуы туралы бар шындықты іркіп қалмады. Дәл осындай жағдайдағы балалардың ата-анасына ауыр дертпен күресудің өте қиын екендігін жасырмаған ол өз сөзінде: "Сөйлеу кешігуі бар балалардың ата-аналары шынымен жаны ашып, сен үшін уайымдайды. Мұндай аналар барынша қолдау көрсетіп, көмектескісі келіп тұрады. Ал кейбір жандар "Балаң аутист па?" деп орынсыз сұрақ қойып жатады. "Балабақшаға беріңдер, тез-ақ сөйлеп кетеді" деп те айтады. Бірақ бұл ақымақтық қой. Кім болса да мұндай сөздер айтуға құқысы жоқ деп ойлаймын. 10 жыл бойы бала көтере алмай, балалы болу үшін барынша тырысып жүргенде осындай жағдай болғаны, оны толықтай қабылдау қиын. Бірақ не болса да оны қабылдап, алға қарай ұмтылу керек. Себебі бұл ақырзаман емес. Кез келген диагноздың шешімі бар", – деді.