«6 жыл бұрынғы қылмыс»: Ерлан Қожағапановқа қатысты істің жай-жапсары айтылды
- автор kyn.kz
- 6 наурыз, 2024
- 638
Абақтыға 6 жыл бұрынғы қылмысы үшін қамалған. Антикор бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты істің жай-жапсарын айтты. Экс-шенеунік 2018 жылы Петропавлда Қазақстан-Ресей форумының көрмесін ұйымдастыру шығынын екі есе асырып көрсетіп, артылған ақшаны қалтасына басқан.
"Форумды өткізу үшін смета екі есеге өсті, яғни бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкеліп соқты. Қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатқа сатып алынған мүлік анықталды және оған тыйым салынған",-дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов.
Экс вице-министрдің өткен аптада ұсталған. Тергеу біткенше, енді кемі екі ай Алматыдағы тергеу изоляторында отырады. Ерлан Қожағапанов 2017-2019 және 2021 жылы мәдениет және спорт вице-министрі лауазымын атқарған. Үш жыл бойы Қазақстан футбол федерациясының тізгінін де ұстады. Әр жылдары Астана мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін де атқарған.
Ал 2021 жылдың қыркүйегінде премьер-министрдің кеңесшісі лауазымына тағайындалып, бір жылға жетпей қызметінен тен босатылған. Қожағапановқа қатысты қылмыстық істің экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысы бар-жоғын антикор өкілі тергеуге сілтеп, айтқан жоқ. Еске салайық, ақша желінген 2018 жылы Қожағапанов Арыстан Мұхамедиұлының орынбасары болған.